Тұрғындар үшiн тиiмдi
Тұрғындар үшiн тиiмдi
Дамира
Молданазарова, «Ońtústik Qazaqstan».
Елбасы
«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты
халыққа арнаған Жолдауында құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы
өзгерістер қажеттігін айта келе, «Қалалық және аудандық ішкі істер органдары
жанында халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша азаматтарды
қабылдау үшін қолайлы жағдай жасау қажет» деген болатын.
Жолдауда
айтылғандай, бүгінде республиканың түкпір-түкпірінде халықтық кеңселер ашылып,
оның жұмысы аз уақыт ішінде оң нәтиже көрсетіп жатыр. Жыл басында Түркістан
облыстық полиция департаменті жанынан да фронт-офис ашылды. Облыстық полиция
департаменті бастығының орынбасары Ә.Сейдуалиевтің айтуынша, бүгінге дейін
халықтық кеңсе қызметін 400-ден астам азамат пайдаланған.
– Халықтық кеңсе –
ең алдымен тұрғындарға тиімді. Олар бұрынғыдай ұзын-сонар кезек күтпейді,
әрі-бері сабылмайды. Ендігі жерде халықтық кеңсеге келіп, өз шағымын қалдырумен
қатар, өзіне қатысты істі кім жүргізіп жатқанын және оның қай сатыда екенін
біле алады. Бұдан бөлек, көліктің айыппұлы бар-жоғын да осы фронт-офис арқылы
білуге болады. Ол үшін көп уақыт кетпейді. Әрі кетсе 15-20
минутта толық ақпарат беріледі. Халықтық кеңсе аптасына бес күн таңғы сағат
9-00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейді, – дейді Әбдіғани Тойшыұлы.
Алдағы 1 шілдеден
бастап мұндай офистерді аудан, қалалардан ашу жағы қарастырылып жатыр. Бұл
туралы «Түркістан – адалдық алаңы» шеңберінде облыстық полиция департаментінің
жұмысын жетілдіру бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы өткен
баспасөз конференциясында белгілі болды. Аталған жиында ҚР Мемлекеттік қызмет
істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облыстық
департаменті басшысының орынбасары – әдеп жөніндегі уәкіл Ғ.Асанұлы «Түркістан
– адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне құқық қорғау органдарына қатысты айтылған
сын-ескертпелер мен ұсыныс-пікірлер туралы айтты. Атап айтқанда, жол белгілері
туралы 15 ұсыныс тіркеліпті. Сондай-ақ, көлік жүргізушілердің куәліктерін қайта
ауыстыру кезінде орын алған деректер де көңіл аударарлық. Бұдан бөлек,
тұрғындардың дені жүргізушілік куәліктің мерзімі өтуіне байланысты салынатын
айыппұл туралы айтады. Жасыратыны жоқ, көпшілік былайғы уақытта құжаттарды
құнттай бермейді. Тек әлдеқандай тексеру кезінде ғана оның мерзімі өткенін
біліп, дер кезінде ауыстырмағаны үшін айыппұл төлеп, артық шығынға ұшырап
жатады. Мұның алдын алу үшін куәліктің мерзімі бітерден бұрын құзырлы мекемелер
жүргізушілерге СМС хабарлама жіберсе деген ұсыныс білдірген. Бұл да
тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатудың тиімді жолы десек болады.
Алдағы уақытта аудан,
қалаларда халықтық кеңсе қызмет көрсетуді бастаса, полиция мен тұрғындар
арасындағы кейбір түсініспеушіліктер жойылып, келеңсіз жағдайлар орын алмас еді
деп ойлаймыз.