Миграциялық ХҚКО ашылды

Миграциялық ХҚКО ашылды

Әбдірахман Қыдырбек, «Ońtústik Qazaqstan».

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ҚР ІІМ-мен бірлесіп, Түркістан қаласында миграциялық халыққа қызмет көрсету орталығын (МХҚКО) ашты. Аталған шараның ашылу салтанатына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы қатысып, орталықтың қызметіне сәттілік тіледі. Еңбек мигранттары мемлекеттік қызметтерді халыққа қызмет көрсету орталықтарының стандартына сай «бір терезе» қағидаты бойынша ала алмақ. Бұл еліміздегі көші-қон қызметтерін көрсететін он бесінші орталық болып отыр.

«Бұрын шетелдіктер жұмыс істеуге рұқсат алу үшін бірнеше күн түрлі мекемені аралауға мәжбүр еді. Енді олар ЖСН алу, салық төлеу, медициналық тексерістен, дактилоскопиядан өту, сақтандыру анықтамасына қол жеткізу секілді құжаттарды бір жерде, бір сағаттың ішінде ресімдеу мүмкіндігіне ие болды. Мемлекеттік қызметтер белгіленген уақыт регламентіне сай электрондық кезек арқылы арнайы жабдықталған жұмыс орындарында жүзеге асырылады. Бұл мигранттар үшін ғана емес, жұмыс беруші үшін де өте қолайлы. Жаңа МХҚКО жұмыс барысын жеңілдетіп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын-алуға жол ашады» дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы төрағасының орынбасары Біржан Жүнісов.

Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының миграциялық ХҚКО арқылы көрсетілетін қызметтер саны толыға түскен. Енді елімізге уақытша келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар көші-қон қызметтері орталығының қызметіне жүгіне алады. Бұған дейін бұл қызмет тек ҚР ІІМ көші-қон комитеті тарапынан көрсетілген.

Айта кету керек, Түркістан облысында биыл жыл басынан бері миграция бағыты бойынша 36728 қызмет көрсетілген. Жаңа фронт-офис Түркістан қаласындағы 160 квартал, 209-ғимаратта орналасқан.

Түркістан қаласы.

Пікір қалдырыңыз