«Түркістанның тарихы – күллі қазақ халқының тарихы»

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».
«Тәуелсіздіктің тұғыры бекем болса, әлі талай қала саламыз».
Бұл – Түркістан облысына ресми сапармен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан сөзі. Ұлт Көшбасшысынан осындай жігерлі сөзді естіген жүрегі «елім» деп соғатын әр қазақтың көкірегін мақтаныш сезімі кернегені анық.
Өсер елдің арманы асқақ келеді. Сол арманға жеткізетін күш – халықтың бірлігі. Халқының ынтымағы жарасқан Қазақ елі Тәуелсіздік жылдарында Арқаның төріне ару Астананы салып, әлемді мойындатты. Енді ғасырлар бойы Қазақ хандығының ордасы болған көне де қасиетті Түркістан топырағында жаңа ғасырда жаңа қала салуға кірістік. Жаңа қаланың капсуласын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен салды. Бұл – шын мәніндегі ұлы тарихи оқиға.
Президент сапары Түркістан қаласының даму концепциясымен танысып, жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың капсуласын салтанатты түрде салудан басталды. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, жаңа қалашықта облыстық әкімшілік, республикалық аумақтық бөлімшелер, көп қабатты тұрғын үйлер, театр, кітапхана, мұражай, мектеп, балабақша, стадион, емхана, саябақ сынды өзге де көптеген әлеуметтік нысандар мен түрлі құрылымдық органдардың ғимараттары орналаспақ.
Жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың тұрғын үйге бөлінген жер аумағымен қосқандағы аумағы 670 гектарды құрайды. Ал, әкімшілік- іскерлік орталықтың жер көлемі 225 гектар болмақ.
Орталықтың құрылысының бірінші кезеңі 2019-2021 жылдары салынып, 20 гектар жер игеріледі. Алғашқы кезеңде облыс әкімдігінің ғимараты, басқа да әкімшілік ғимараттар, Конгресс холл мен «Түркістанбасжоспар» орталығының құрылысы толығымен аяқталады.
Мұнан кейін Н.Назарбаев Қожа Ахмет Ясауидің рухына зиярат етіп, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің даму жоспарымен танысты. Жоспарға сәйкес бірінші кезекте Түркістанның ежелгі қоныстарының бірі – Күлтөбе қалашығы қайта жаңғыртылады. Әбілмәмбет хан мен Тәуке ханның ордалары, олардың жанындағы ортағасырлық үлгідегі мешіті және басқа да бірқатар нысандар толық қайта қалпына келтіріледі.
Одан әрі Мемлекет басшысы Түркістан қаласын дамыту бойынша кеңес өткізді. Жиында Елбасы Түркістан қаласын дамыту бағытындағы ойларын ортаға салды.
Кеңесте Түркістан қаласын дамыту жөніндегі арнайы үкіметтік комиссияның төрағасы, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин баяндама жасады. Оның айтуынша, қаланың бас жоспарын әзірлеуге қатысты xалықаралық конкурс ұйымдастырылып,
22 ұсыныстың ішінен үздік жоба таңдалған. Жобада Түркістанның тариxи құндылықтарын сақтау, одан ары көркейту, Қожа Аxмет Ясауи кесенесі негізінде мәдени-руxани орталықты сақтау және әкімшілік-іскерлік орталықты құруға ерекше көңіл бөлініпті.
Сондай-ақ, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдің дамуы, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, биылғы 8 ай қорытындысы бойынша өңірде негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі сақталған. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 250 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6 пайызға өскен. Ал, өнеркәсіп өнімінің көлемі 286,1 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 21 млрд. теңгеге көбейіпті. Өңір экономикасына 142 млрд. теңге инвестиция бағытталған.
– Сіздің Түркістан облысын құру, әкімшілік орталығын Түркістан қаласына көшіру жөніндегі Жарлығыңыз бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінде Түркістан қаласын дамыту, туристік әлеуетін көтеру бағытында кешенді іс-шаралар қолға алынып, отандық және шетелдік кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесін беріп жатыр. Кеше ғана «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік форумы өтті. Аталған форумға 17 шетел мен өз елімізден 500-ге жуық адам қатысты. Нәтижесінде 1,7 млрд. АҚШ долларын құрайтын 17 құжатқа қол қойылды, – деді облыс әкімі.
Қолға алынған жұмыстарға оң баға берген Президент алдағы уақытта өңірді дамытудың басым бағыттарын атап өтті.
– Біріншіден, өңірдің қаржылық тұрақтылығын арттыру керек. Облыстан Шымкент қаласы бөлініп шыққаннан кейін бюджеті екіге бөлінді. Сондықтан бюджетті толықтыру үшін жаңа кіріс көздерін, бюджетті молайту жолдарын табу қажет. Екіншіден, жұмыспен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту мәселесі назарда болғаны жөн. Жұртшылыққа жаппай кәсіпкерлікпен айналысуды үйрету керек. Түркістандағы құрылыс алаңдары мен жұмыс орындарында өзіміздің жастар жұмыспен қамтылуы тиіс, – деді Елбасы.
Президент үшінші бағыт ретінде ауыл шаруашылығын одан әрі дамытып, өнімдерді өңдеп, шетелге экспорттау ісін атап өтті. Сонымен қатар, көлік-логистика қызметін дамытып, туризмге серпін беру керектігіне тоқталды. Түркістанды электр қуатымен, газбен, сапалы көлік жолдарымен, әлеуметтік нысандармен және ауызсумен қамту мәселелерін шешу жөнінде нақты тапсырма берді. Баламалы қуат көздерін дамытуды жүктеді.
Кеңес кезінде Елбасы ірі кәсіпкерлер мен ұлттық компанияларға Түркістан қаласына бір-бір нысаннан салып беруді тапсырды. Атап айтқанда, «Базис-А» компаниясы – үлкен театрды, «ENRC» компаниясы – Түркі мұражайын, «BІ Group» – қазақ батырлары орталығын, «Hіghvіll Kazakhstan» – тұтас бір тұрғын үй ауданын, «Mabetex Group» – үлкен ауруxананы, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы – стадионды, «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы – жастар сарайын, «KEGOC» – Қожа Аxмет Ясауидің шағын музейін, «Қазпошта» АҚ – почта бөлімшесі мен цифрлық кеңсені, «Қазақтелеком» – Smart теxнологиялар орталығын, ал, кәсіпкер Данияр Абылғазин бассейні бар жабық спорт кешенінің құрылысын салатын болды. Кәсіпкер Н.Смағұлов Түркістанда көлік салонын салуға ниетті екенін жеткізді. Ал, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы облыс басшылығымен ақылдаса отырып үлкен бір нысанды салуға келісім берді.
– Түркістанды дамыту қорын да құрған дұрыс сияқты. Кім қолдау жасауға дайын, сол ақшасын аударсын. Сонымен, бәрін келісіп алдық. Енді осының бәрін бір-екі жылда бітіретін болсақ, Түркістан жайнап шыға келеді. Тәуелсіздігіміздің тұғыры бекем болса, әлі де талай-талай қалаларды саламыз, – деді Н.Назарбаев.
Мәжілісте Қазақстанның құрметті журналисі Байдулла Қонысбек Елбасының Түркістанға деген ерекше ықыласы мен қамқорлығы үшін ел атынан алғыс айтса, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Виктория Черкашина жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін ризашылығын жеткізді.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау және «TURKІSTAN» арнайы экономикалық аймағын құру жөніндегі Жарлықтарға қол қойды.
Сапар соңында Елбасы шаһардағы «Этноауыл» алаңында ұйымдастырылған «Түркістанға оралу» салтанатты іс-шарасының құрметті қонағы болды. Мемлекет басшысы алаңға жиналған көпшілікті Түркістан облысының құрылуымен құттықтады.
– Еліміз үшін тарихы бай, тағлымы терең Түркістанның орны бөлек. Ол – бүкіл Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өтіп, оның мерейін тасытқан едік. Соңғы жылдары Күлтөбеде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары қаланың кемінде екі мың жылдық тарихы бар екенін көрсетіп отыр. Түркістан – еліміздің рухани жүрегі. Ғасырлар бойы еліміздегі ең айтулы оқиғалардың бел ортасында болған бұл шаһар – тарлан тарихтың көнекөз куәгері. Мұнда қазақ халқының ұлы тұлғалары мен қайраткерлері жерленген. Тарихымыздың қилы кезеңдерінде бұл жерде ұлтымыздың болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданған. Жалпы, Түркістанның тарихы – күллі қазақ халқының тарихы, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Президент Түркістанның түркі халықтары үшін де аса маңызды қала екендігіне тоқталып, қол қойылған Жарлыққа сәйкес қала жаңа биіктерді бағындыратынына сенім білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанды ілгерілету ісінде барша тұрғындарға табыс тіледі.
Жиында Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы Елбасының бұл Түркістанға 15-сапары екендігін айтып, ел үшін атқарып жатқан ерен еңбектеріне алғыс білдірді. Сонымен қатар, Түркістан қаласының тұрғыны, білім саласының қызметкері Мөлдір Зияева облыс орталығы атанған Түркістан қаласына Мемлекет басшысының 29 қыркүйектегі сапарына орай қала күнін осы датаға белгілеуді ұсынды. Елбасы тосын ұсынысқа өз разылығын білдірді.