Ізгі ниеттеріңіз қабыл болсын!

Құрметті жерлестер! Қадірлі мұсылман қауымы!
Биыл егілген егіннің ризығын теріп алатын шуақты күз күндерімен қатарласып мұсылман қауымы үшін мейрамның ұлығы болып табылатын Құрбан айт келді. Құрбан айт – елдің береке-бірлігін бекемдеуге, қанағат пен қайырымдылығын арттыруға бата-тілек айтылатын қасиетті мейрам. Сондай-ақ, бұл мереке әр мұсылманды шүкіршілік пен тәубаға, аманатқа адалдық пен сертке беріктікке шақырады. Ендеше, әрқайсысыңызға Алланың рақым-мейірімі түссін. Айт күндері жасаған ізгі ниеттеріңізді Алла тағала қабыл етсін!
Діни бағытта қызмет етіп, ел ортасында насихат жұмысын жүргізіп жүрген азаматтардың Исламды дамыту мен өркендету жолындағы қажырлы еңбектеріне табыс тілеймін. Қашанда жамағат арасында бірлікті күшейтіп, бауырластықты арттыруға бағытталған істеріңіз жемісті болсын!
Құрметті мұсылман бауырлар, жерлестер!
Ұлық мереке құтты болсын! Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла тағала қабыл етсін. Әрбір отбасына бақыт, береке қонғай! Алла тағаланың мейірім-шарапаты мен рақымы, жарылқауы мен кешірімі әрқайсысыңызға күш-қуат бергей! Көп ұлтты ұлысымыздың береке-бірлігі артып, ынтымағы берік болғай!
Жаратушы иеміз сүйікті Отанымыздың мерейін үстем етіп, халқымыздың ауызбірлігін арттыра бергей!
Алла тағала баршамыздың айттан айтқа аман жетуімізді жазсын! Құрбан айт мүбәрак болсын!
Бадритдин Икрамжанұлы НЫШАНҚҰЛОВ, Түркістан облыстық этномәдени бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты.