ҚАУЫН – табыс көзi

  Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан». Мақтаарал ауданының даңқын «ақ алтынмен» әлемге жайған диқандарымыз соңғы жылдары өзге де дақыл түрлерін көптеп еге бастады. Қазіргі таңда Мырзашөл әртараптандырылған өңірге айналды. Дәмі тіл үйіретін қауын-қарбыз бен көкөністердің керуені ерте жаздан еліміздің өзге өңірлері мен көршілес мемлекеттерге жол тартуда. Облыс әкімі Ж.Түймебаевтың тапсырмасымен тамыз айында Мақтаарал ауданында қауын-қарбыз фестивалі өтеді. Осыған орай мақтааралдық диқандар дайындықты бастап кетті.

 

Еңбекші ауыл округі – ауданда бақша өнімдерін егуде көш бастап келе жатқан аймақтардың бірі. Егін шаруашылығын әртараптандыру жобасы қолға алынған уақыттан бастап мұндағы ауыл шаруашылығы саласының дамуы ерекше қарқын алды.

Қауын егуді алғашқылардың бірі болып бастаған – Жайлыбаев ауылында тұратын Қалқашовтар отбасы. Қауыннан қауынқақ, тосап, шәрбат (компот) жасауға машықтанған отбасының ұйытқысы, он екі перзенттің анасы Алмаш Алтынбековамен әңгімелескен едік.

– Бала күнімізде әжем қауынқақ жасайтын. Әбден кепкен шырынды атам келіге түйіп, талқанмен араластырып, бізге беретін. 2000 жылы отбасымызбен
9 гектар жерге қауын егуді бастадық. Алғашқы жылы-ақ мол өнім алдық. Бірақ, әлі де қыр-сырын толық меңгермегендіктен болар, қауынның біразы қалып қойды. Сатуға жарамсыз болып қалғанынан қауынқақ жасап, күз айларының соңына таман  Алматы қаласына  пұлдап бардық. Қалалықтар қауынқақты жақсы алады екен. Үш-төрт жыл қатарынан еккен қауынымыздың артылғанынан қауынқақ жасап, Алматыға сатуға апарып жүрдік.   Одан кейін балалардың бәрі есейіп, жан-жаққа жұмыс бабымен кетті де, егін шаруашылығымен айналысатын адам қалмады. Десе де, әлі күнге қауынқақ жасаудан қол үзгем жоқ. Жыл сайын қауын піскенде оқудағы балаларыма, үйдегі немерелеріме деп 10-20 келідей қауынқақ жасап, дайындап қоямын. Бұл өте тойымды әрі пайдалы.

Алмаш апа қауынқақ жасаудың кейбір құпияларымен де бөлісті. Оның айтуынша, жұқалап кесілген қауынды екіге бөліп, жіпке керетін жағын қабығында қалдыру керек екен. Өйтпеген жағдайда салмағы бар қауынды жіп көтере алмай бөлініп кетеді. Алдымен жіпке ілмей жатып суға бір салып алу керектігін де ескертті. Суға салынған қауынға шыбын жоламайды. Қауынқақты көлеңке жерге, желдің өтіне жаю керек. Сонда бабымен кебеді.

Осы ауылда жеті жылдан бері тек қана қауын егуді кәсіп көзіне айналдырған Бөкеновтер әулетінің отағасы Оралбек ағамыз да мақта өсіргеннен гөрі қауын егу әлдеқайда тиімді дейді. Орекең қауын егуді 4 гектар жерден бастапты.

– Бұрын мақта егетінбіз. Алғашқы жылдары жақсы өнім алғанымызбен, кейінгі кездері шаруашылығымыз алға жылжымай қойды. Содан біз де қауын егіп көрейік деп тәуекелге бел будық. Обалы не керек, өте жақсы өнім алдық. Соның арқасында жағдайымызды түзеп алдық. Бүгінде  қауынның қорабын 2000-2500 теңгеден өткіземіз. Егер баға түсіп, қорабын 500 теңгеден өткізгеннің өзінде мақтаның тоннасын 200 мың теңгеден өткізгеннен артық пайда түседі. Алғашқыдай емес, кейінгі жылдары қауынға құрт түсетінді шығарды. Дегенмен, бұл зиянкес түрімен күресудің де жолын біртіндеп үйреніп келе жатырмыз. Әрі мақтаға қарағанда қауынның жұмысы
жеңіл, – дейді Оралбек аға.

Міне, нағыз Мақтааралдың мақтаныштары деп осы диқандарды айтсақ болады. Өйткені, бұл кісілердің маңдай терімен жетілген өнімдері еліміздің түкпір-түкпіріне, көршілес елдерге тарайды. Ендігі жерде қауыннан жасалған мақтааралдық өнімдер де дүкен сөрелерінде тұрса таң қалмаймыз. Қауынқақ жасап, саудаға шығаруды отбасылық бизнестің көзі етуге Мырзашөл өңірінде мүмкіндік мол.

Мақтаарал ауданы.

Пікір қалдырыңыз