ОРАЗА АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

  Құрметті оңтүстікқазақстандықтар!

 

Қадірменді мұсылман қауым!

Баршамызды Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла Тағалаға шексіз шүкірлер мен мадақтар болсын!

Отандастарымызды, жерлестерімізді мұсылман қауымының ұлық, қастерлі мерекесі – Ораза айт мейрамының басталуымен құттықтаймыз.

Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың, достық пен шаттықтың мерекесі. Ораза айт ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйыстырады. Иманды күшейтіп, кеңпейіл, бауырмал, қонақжай халқымызды жақсылыққа, қайырлы іс жасауға жетелейді. 

Халқымыз Рамазан айында ыждаһаттылықпен ауыз бекітті. Мешіттерімізде ауызашарлар мен қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетілді. Ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген көптеген азаматтар жақсылыққа үлес қосып, сауабы мол амалдарға атсалысты. Баршасына «Алла разы болсын» дегіміз келеді.

«Айт» сөзі «мереке» деген мағынаны білдіреді. Жаратушы Иеміз әрбір ізгі амал мен игілікті істің сауабын беріп, мейірім-шапағатын төгеді.

Айт күнінде ғұсыл құйынып, жұпар иіс себініп, жамағатпен бірге айт намазына қатысудың сауабы мол. Туған-туыстарды, көршілерді, дос-жарандарды мерекемен құттықтап, дастарқан жайып, ұлық мейрамның сәні мен салтанатын арттыру – Ораза айттың өзіне тән жарасымды һәм сауапты амалдарының қатарында. Өзара ренжіскен кісілерді осы мерекеде татуластырсақ, өзгенің қате-кемшілігін кешіріп, ата-анамыздың құрметі мен ризалығына бөленсек, ол да – мұсылманға тән сипат.

Исламда әрбір ізгі амал – садақа. Көршіге көмектесу, мұқтажға қол ұшын беру, тіпті жетімнің басынан сипап, өзгелерге жылышырай таныту, мұның бәрі – садақа.

Күндегі оразасын құрмамен ашуды сүннет еткен Пайғамбарымыз (с.а.с) айт намазына барарда алдымен құрмадан дәм татып барып үйінен шыққанды ұнататын. 

Ораза айтта отбасымызды шаттыққа бөлеп, ағайынға сыйлық берудің де маңызы зор.

Биыл айт намазы облыс бойынша 15 маусым күні сағат таңғы 06.30-да оқылады.

Алла Тағала ұстаған оразамызды, дұға-тілектерімізді қабыл еткей! Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы нығайып, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, егемендігіміз баянды болғай! Әмин!

Бақтыбай қажы БЕЙСЕНБАЕВ, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының ОҚО бойынша өкіл имамы.

Пікір қалдырыңыз