«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры стратегиялық маңызға ие

Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысын өткізді.
Кездесуді ашқан Қазақстан Президенті ұлттық экономикамызды нығайту және одан әрі дамыту ісінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының жұмысы стратегиялық маңызға ие болып отырғанын атап өтті.
– «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры ел экономикасында маңызды рөл атқарады. Қорды дамыту жөніндегі алғашқы ұзақ мерзімді стратегия 2012 жылы қабылданды. Ол әлемдік қаржы дағдарысының салдарына қарсы тұру мақсатымен әзірленген болатын. Соңғы жылдары ахуал өзгерді. Экономикамыз сыртқы факторлардың әсеріне төтеп беріп, орнықты даму жолына түсті. Көп жұмыс атқарылды, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев қорды дамыту үшін атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, бұған дейін қабылданған бағдарламаларды қазіргі жағдайларға сәйкес жаңарту қажеттігін айтты.
– Біз экономикамызды үшінші жаңғырту жолына түсіріп, цифрландыру жөніндегі жұмыстарға белсенді түрде кірістік. Еліміздің 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Осы орайда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жаңа даму стратегиясын да қабылдау қажеттілігі туындап отыр. Сондай-ақ, қорды трансформациялау бағдарламасын жаңарту қажет. Бұл бағдарламаның нәтижелері қор компанияларының қызметінде де көрінуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушылардың назарын тиісті шаралар қабылдауды қажет ететін бірқатар мәселеге аударды.
Жиын соңында Қазақстан Президенті «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының 2018-2028 жылдарға арналған жаңарған даму стратегиясын және қорды трансформациялау бағдарламасын мақұлдап, оның әрі қарай жүзеге асырылуын ерекше бақылауға алуды тапсырды.