Жетпiс пайызға жету – мұрат

Немесе бала туудың 6,6 пайызға азайғаны нені білдіреді?
Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».
Өткен жылы облыста 78 810 бала туылды. Ұл туса адам түгілі төбе қуанады (үстімде асық ойнап, асыр салатын болды деп) деп сенетін қазақ үшін мұнан асқан қандай сүйінші жаңалық болуы мүмкін! Дегенмен, ресми органдар таратқан статистикалық деректерге қарасақ, ойланатын жайттар да бар секілді. Себебі, 2016 жылы облыста 84 398 бала туылған болатын. Яғни, былтыр туу көрсеткіші 2016 жылмен салыстырғанда шамамен 6,6 пайызға немесе 5 588 балаға кеміген.
Туғандар саны бір жылы көбейіп, бір жылы азайып отырса, біз бұған таң қалмас едік. Бірақ, 2003 жылы облыста 51 мыңнан астам бала туылыпты. 2013 жылы облыста туған бүлдіршіндердің саны 78 162-ге жетіп, 10 жылда 1,5 есе көбейген екен. Ал, 2014 жылы – 78 961, 2015 – 79 125 сәби дүние есігін ашқан. Яғни, облыстағы бала туу көрсеткіші соңғы 13 жыл бойына өсумен болған. Тек өткен жылы ғана кеміп отыр.
Бірақ, осының өзінде облыс халқының табиғи өсімі 64 097 адамды құрады. Сөйтіп, облыстан өзге өңірлерге көшіп кеткендердің көп болғанына қарамастан өткен жылы оңтүстікқазақстандықтардың қатары 44 мыңға артқан. Бала туу көрсеткіші бойынша біздің облыс Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облыстарымен бірге алдыңғы қатарда келеді. Аталған төрт өңірде мың тұрғынға шаққанда жылына 28-29 баладан туылады. Бұл – мың тұрғынға 15 баладан туатын Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарына қарағанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті елімізде 2019 жылдың қараша айында жалпыұлттық санақ өтетінін жариялады. Қазір ел билігі осы ауқымды шараға қызу дайындыққа кірісті. Бұл санақта жұртшылықты қызықтыратын басты екі сауал бар: Бірі «Қазақстан халқының саны қанша?» болса, екіншісі «Ондағы қазақтардың үлесі қанша?» дейтін мәселе. Себебі, 2009 жылғы санақ кезінде жемқорлыққа қатысты шу шыққаны көпшіліктің есінде. Оның үстіне әуелгі нәтижелерге ревизия жасалып, елдегі қазақтардың сандық үлесі 67 пайыздан 64 пайызға төмендетілген. Енді бүгінде кейбір демографтар қазақтың үлесі 70 пайызға жеткені туралы айтып жүр. Тәуелсіздік тарихындағы үшінші санақта бұл сөздің қаншалықты шындыққа сәйкес келетіні белгілі болады.
Қазақтың табиғи көбеюінен де саяси астар іздейтіндер бар. Соңғы уақытта отандық орыстілді баспасөз беттерінде және түрлі сайттарда «енді 10 жылдан кейін елдегі қазақтардың үлесі 90 пайызға жетеді және Қазақстан моноэтникалық мемлекетке айналады» деген сәуегейліктер айтылып жүр. Бұл – барып тұрған сандырақ.
Иә, соңғы жылдары Қазақстаннан Ресейге қоныс аударатындар саны біршама көбейді. Статистикалық деректер былтыр Қазақстаннан 28 мыңдай адам көшіп кеткенін және оның 21 мыңдайы Ресейге барып табан тірегенін көрсетіп отыр. Осы деректерді мақсаты белгісіздеу сарапшылар Қазақстандағы экономикалық тұрақсыздықпен, елдегі білім сапасының төмендеуімен, одан да сорақысы қазақ ұлтшылдығының асқынуымен байланыстырғысы келеді. Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында депортацияланып келген этностардың бәріне құшағын жайып, бір үзім нанын бөліп берген қазақтың бүгінгі ұрпағы әсіреұлтшыл болып кетті дегенге ешкім сенбейді. Елдегі ұлттық саясаттың да негізгі бағыты – ұлтаралық татулықты қамтамасыз ету. Оның үстіне орыс тілі әлі тағынан таймаған Қазақстанда біреу орыстарды шеттетіп жатыр деген сөздің өзі ақылға сыйымсыз.
Осыны ескерсек, орыстардың Ресейге көшуі – ешқандай саяси немесе ұлтшылдардың қысымының, экономикалық тоқыраудың салдары емес. Адамдардың тарихи Отанына оралуы – түбі орын алатын тарихи үдеріс. Ал, эмиграцияға түрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Қазір кетіп жатқандардың көбі осыдан ширек ғасыр бұрын көшуді ойға алған болуы да мүмкін. Тек көбінің көшуге шамасы келмеген немесе Қазақстанға кіндігінен байланған қарт ата-анасына қарайлап қалған болуы да ғажап емес. Енді жағдайы келген кезде өзінің тарихи Отанына оралса, бұл – олардың ерікті таңдауы. Бұдан саяси астар іздеу ағаттық.
Оның сыртында ресми деректер республикадағы орыс ұлтының саны 3 миллион 618 мың екенін көрсетіп отыр. Демек, жылына 20 мың адам көшкеннен олардың саны күрт кеміп кетеді деуге болмайды.
Мұнан бөлек 1991 жылы елдегі қазақтың саны 7 миллионға жетпейтін еді, қазір 12 миллионнан асты. Мемлекетқұраушы ұлттың үлесі Қызылорда облысында 95 пайызға, Маңғыстау мен Атырауда 90 пайызға жетіп отыр. Егер еліміз тәуелсіздік алған жылдары тек 6 облыста 50 пайыздан асса, қазір 13 өңірде қазақтар барлық тұрғындардың жартысынан көбін құрайды. Жалпы, тәуелсіздік жылдарында қазақтың сандық үлесі барлық өңірлерде, соның ішінде шығыс, орталық және солтүстік облыстарда да көбейді. Статистика комитетінің 2017 жылдың басындағы ресми деректері бойынша, елдегі тұрғындар саны 17 миллион 918 мыңнан асқанын, ал, қазақ ұлтының саны 12 миллион 1 мыңға жеткенін мәлімдепті. Яғни, былтырғы үлесіміз 67 пайызға жетеқабыл.
2012 жылдың соңында 11 миллионыншы қазақтың Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында дүниеге келгені көпшіліктің есінде болар. 2016 жылдың соңындағы деректер қандастарымыздың саны 12 миллионға жеткенін көрсетіп отыр. Яғни республика халқының саны 3 жылда бір миллионға көбейсе, қазақтардың төрт жылда бір миллионға көбейгенін байқауға болады. Бұл шамаларды абсолютті сандарға айналдырған кезде елдегі қазақтардың сандық үлесі алдағы он жылда да, жиырма жылда да тоқсан тұрмақ, сексен пайызға да жетпейтінін байқаймыз. Демограф мамандар елдегі қазіргі халық санының өсу тенденциясы сақталса, ендігі онжылдықта қазақ ұлтының үлесі 72-73 пайыздың төңірегінде болатынын болжайды. Онан бөлек, мемлекетқұраушы ұлттың үлесі қанша артқанымен біздің елде ұлтаралық татулық пен келісім өзінің мәнін ешқашан жоймайды. Бұл Қазақстан қоғамының жалпыға ортақ құндылығы болып қала бермек.
Жалпы, тарихи деректерге көз жүгіртсек, Қазақстан халқы көбеюінің ең жақсы көрсеткіштері 1953-1964 жылдары тіркелген. Бір жағынан сол жылдары әрқайсысы оншақты баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты аналарымыздың ерлігінің арқасында, екінші жағынан тың игеруге шеттен келген этнос өкілдерінің көбеюінің әсерімен сол кезеңде елдегі тұрғындар саны 7,1 миллионнан 11,7 миллионға дейін көбейіпті. Яғни, жыл сайын халық саны 3,5 – 4,2 пайызға көбейіп отырған. Бұл көрсеткіштер жетпісінші жылдары 2,5 пайызға, сексенінші жылдардың басында 1,5 пайызға дейін құлдыраған. Ал, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары мен жаңа ғасырдың басында халықтың табиғи өсімі тіпті құлдырап, елден ағылып көшіп кеткен еуропалық этнос өкілдерінің орнын жабуға да жетпей қалды.
Елдегі туу көрсеткіші тек 2002 жылдан қайта жақсара бастаған. Мәселен, республикада 2002 жылы 227 мың бала туылса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 416 мың балаға дейін өскен. Ал, өткен жылы 405 мың баланы құрап отыр. Яғни, былтыр Қазақстан халқының саны 1,55 пайызға көбейіп, осы өлшем тұрғысынан 1987 жылдың көрсеткішіне қайта көтерілдік.
Демограф мамандар Қазақстандағы соңғы 10 жылда туу көрсеткішінің жоғарылауын өткен ғасырдың сексенінші жылы туған балалардың (соңғы 10 жылда олар ата-ана атанды) көп болуымен байланыстырады. Бұл жердегі логика қарапайым: көп ата-анадан көбірек бала туылады. Егер бұл қисын дұрыс болса, алдағы жылдары елдегі бала туу көрсеткішінің өсімі бәсеңдеп, жыл сайын туылатын балалардың саны тұрақтанады немесе аздап кемуі де мүмкін. Өйткені, бұдан былайғы жерде ұрпақ өрбітетін жастағы ата-аналардың арасында тоқсаныншы жылдары туғандардың үлесі арта береді. Ал, олар сексенінші жылғылардай көп емес. Өткен жылы облыста бала туу көрсеткішінің 6,6 пайызға кемуі осы себептермен байланысты ма, жоқ па? Әлеуметтік-демографиялық зерттеулер жүргізбей тұрып, бұл сұраққа нақты жауап беру мүмкін емес.
Жалпы, қазақ тұтас елдегі түгілі өз отбасындағы бала санын айта бермейді. Айтқанды жақтырмайды. Үлкендер жағынан баласының санын сұрасаң «Құдайдың бергені бар ғой енді» деп сырғытпа жауап береді. Осындай қоғамда енді туылатын балалардың саны жайлы болжам жасау абырой әпермейтін іс екенін түсінеміз. Дегенмен, қазір Қазақстан халқының орташа жасы өте жас, тұрғындардың үштен бірін жастар құрайды. Ал, 15 жасқа толмағандардың үлесі бүкіл халықтың 21,6 пайызына тең. Соңғы 10 жыл бойына жыл сайын 380 – 415 мыңның аралығында бала туылғанын ескерсек, осы бүлдіршіндер ата-ана атанған кезеңде, яғни, 2030 жылдан ары қарай демографиялық өрлеудің жаңа кезеңі басталуы ықтимал. Жоғарыдағы көрсеткіштер ғылымда «демографиялық жүктеме коэффициенті» деп аталады және ол халықтың көбеюіне тікелей әсер етеді.
«Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейтін халқымызға 2030 жыл да алыс емес. Бірақ, бұл үміт шындыққа айналуы үшін ұрпаққа дұрыс тәрбие бере білуге тиіспіз. Бүгінгі ойын баласын ертең бір шаңырақтың иесі болып, әке атанудан қашатын жасық, ал, қазіргі бүлдіршін қызды ертең туған баласын қоқысқа тастай қашатын «көкек» ана етіп өсірсек, алдан қандай үміт күтпекпіз?.. Демек, ұрпақтың санына ғана емес, оның біліміне, санасына, тәрбиесіне, жалпы сапасына мән беру қажет-ақ.