Ұлттық бірегейлік мызғымас негізі

  Қазақ әу бастан бала тәрбиесін бәрінен жоғары қойған халық. Ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елді-жерді, ұлтты, Отанды сүю дейтін асыл қасиеттерді ата-бабаларымыз жас баланың бойына күнделікті тұрмыста үйретіп, саналарына сіңіріп отырған. Елбасы 2012 жылдың 14 желтоқсанында Астанада өткен ел Тәуелсіздігінің 21 жылдығына арналған салтанатты жиында «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады» деген болатын.

 

Ал, өткен жылдың 12 сәуірінде Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында саяси реформалар мен экономикалық жаңғыруға бастайтын негізгі бағыттарға тоқталды. Мақалада айтылған прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы мәселелерінен туындаған таяу жылдардағы міндеттер белгіленді. Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қолға алынды. Ондағы мақсат еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіру ғана емес. Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыру. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды.

Оңтүстік Қазақстан облысы этномәдени мұралар бойынша елімізде көш бастап тұр. Өңірдің тарихына Араб халифаты, Қоқан хандығы да елеулі із қалдырған. Ұлы Жібек жолының да ескерткіштері аз емес. Ең бастысы, облысымызда ежелгі Отырартөбе, ұлт тағдыры тәлкекке түскенде хандықтың астанасы болған Түркістан қаласы, дау-дамайдың түйінін тарқатқан Күлтөбе, ХVІІІ ғасырдағы жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес пен елді азат етуде қазақтың басын қосқан хандар және Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің ізі қалған Тутөбе (Найза тіккен) сынды ел тарихында маңызды рөл атқарған киелі мекендер аз емес.

Сондай-ақ, Арыстан баб, Ұзыната, Баба Түкті Шашты Әзіз, Жабай ата, Саңғыл би, Баба ата, Қарабура әулие, Ысмайыл ата, Қарашаш ана, Бәйдібек ата, Домалақ ана, Бес ана, Қаңлы ата және Өзбекстандағы Төле би, Әйтеке би, Шымыр ата кесенелері, Қаңлы төбе секілді киелі орындарды да ерекше атауға болады. Кешегі зауал заманның белгісі «Қасірет» мемориалдық кешені немесе асылдардың қаны тамған, халықта «Жамансай», «Қайтпас» атымен танымал болған орын да Шымкент қаласында орналасқан.

Осындай елді мекендер мен көне қалалар – руханиятымыздың тарихы. Сондықтан оны жас ұрпаққа таныту мақсатында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті 2015 жылы география мамандығының студенттерін жазғы зонааралық іс-тәжірибеге Ташкент, Самарқан, Бұқара қалалары мен Шарбақ, Шымған демалыс орындарына апарды. Мұның тағы бір себебі, Өзбекстан жерінде қазақ халқының тарихына байланысты киелі орындар аз емес. Тіпті, олардың кейбіреуі өзбек халқының тарихынан да ойып орын алып үлгерген. Өзбекстанның мемлекеттік қолдауының нәтижесінде Самарқан облысы, Пайарық ауданындағы Шелак ауылында сахих (сенімді) хадистерді жинақтаушы Имам Бухаридің мемориалдық кешеніне, Бұқара маңындағы Бахавуаддин Нақшбандийдің кесенесіне барудың сәті түсті.

«Қасиетті Қазақстан» орталығы іріктеген 100 нысанның 23-і Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Бұл тізімді одан әрі де ұлғайтуға болады деп ойлаймын. Әсіресе, тізімге кірмей қалған киелі жерлерге саяхаттар ұйымдастыру арқылы ескерусіз жатқан немесе баруы қиын туристік, емдік орындарды елге таныстыруға болады. Мәселен, Созақ ауданындағы Ата бұлақ пен Ана бұлаққа бару өте қиын. Ал, нашар энергиядан айықтыратын Бетпақдаладағы құмдар, Төлеби ауданындағы Мыңшейіт, Түлкібас ауданының Машат аңғарындағы «Құс базары» аталып кеткен орын, Бәйдібек ауданындағы Қостұра және Ащысай маңындағы Қатынқамал ескерткіштері әлі күнге ескерусіз жатыр. Осы арқылы облыстағы киелі орындардың туристік, экономикалық тиімділігі және олардың жұртшылыққа қолжетімділігін арттыруға болады. Ұсынылып отырған бастама жоғары деңгейде қаралып, қоғамнан қолдау тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Ілесхан СМАНОВ, ОҚМПУ-дің «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

Пікір қалдырыңыз