КӘСІПКЕР АКАДЕМИЯНЫ САТЫП АЛДЫ

«Үкіметтің 2011-жылғы 9-тамыздағы қаулысымен бекітілген Жекешелендіру нысандарын сату қағидасына сәйкес, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясы таяуда жеке меншікке сатылып кетті» деп көрсетті Zamana.kz сайты. Есімі елге белгілі шымкенттік кәсіпкер, аты-жөні «Форбс» журналының тізіміне енген азамат Серікжан Сейітжанов фармацевтика академиясын арнайы конкурс жарияланғаннан кейін араға ай салып, яғни 26-желтоқсанда сатып алған. Мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында электронды тендер арқылы саудаланған фармацевтикалық академияның бастапқы құны 2 миллиард 206 миллион 58 мың теңгені құраған екен. Сондай-ақ сатып алушыға аталмыш нысанды 10 жыл бойына өзінің негізгі бағытын сақтап тұру шарты міндеттелген. Мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында жарияланған арнайы мағлұматта С.Сейітжановтың бұл оқу орнын 3 миллиард 40 миллион теңгеге сатып алғаны айтылған. Шымкент фармацевтика академиясының құрылтайшысы ауысар қарсаңында бұл оқу орнында бірнеше жыл бойы ректор болып жұмыс істеп келген Бақытжан Дербісәліұлы Сексенбаев қызметінен босатылды. Академияға жаңа ректор болып Мырзабек Мырзашұлы Рысбеков тағайындалды. М.Рысбеков 1958 жылы туылған. Медицина ғылымдарының докторы. Кезінде Мәскеуде КСРО медицина ғылым академиясында аға лаборант, ассистент, доцент, деканның орынбасары болған. Кейін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында – проректор, Денсаулық сақтау министрлігінде департамент директоры болып еңбек еткен.