Бас жүлде Таразға кетті

ОҚО саз колледжінде күйші, композитор Батырхан Рыспанбетовтің 60 жасқа толуына орай бірінші аймақтық домбырашылар байқауы өтті. Өнер сайысына Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары саз колледждерінен 17 үміткер қатысты. Екі кезеңнен тұратын байқауда талапкерлер мерейтой иесі Б.Рыспанбетовтің күйлеріне қоса Қазанғаптың, Сүгірдің, Н.Тілендиев пен Т.Момбековтің күйлерін орындады. Конкурстың ашылу салтанатында күйші-композитор Бөрі Иса мерейтой иесіне республикалық «Алпамыс батыр» қорының медалін тақты.
Батырхан Рыспанбетовтің облыстық опера және балет театрында өткен шығармашылық кешінде Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның Сүгір атындағы оркестрі (дирижері – республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты Ерлан Дәуренбеков) автордың бірнеше шығармасын орындады. Мерейтой иесін туған жері Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Жанғазиев, аудандық мәслихат хатшысы Мұхадас Нақыпбеков, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Ерғали Есмұрзаев құттықтап, ыстық лебіздерін білдірді.
Шығармашылық кеште байқау жеңімпаздары марапатталды. Бас жүлдені Жамбыл облысынан келген күйші Әлімқұл Сұлтан (200 мың теңге) иеленді. Жүлдегерлерге 1 миллион теңге қаржылай сыйлық тапсырылды.
Ү.РЗУАНҚЫЗЫ.