Еншi беру

  Баян ДАРҒОЖИНА, «Оңтүстік Қазақстан». Қазақтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдет-ғұрпы бойынша ер балалар ержетіп үйленген соң, өз алдына отау құруға ниет етсе ата-анасы оған дүние-мүлік, мал беріп жеке шығарады. Мұны енші деп атайды. «Еншісіз – ұл, кәдесіз қыз болмайды» деген қазақ мәтелі осыдан қалған. Қазақ салтында ұл жалғыз болса оған енші берудің қажеті жоқ. Ол сол үйдің мал-мүлкі мен жер-суының заңды мұрагері болады. Үлкен шаңырақтан отау көтеріп бөлініп шықпайды.

 

Еншінің көлемі ата-ана дәулетіне, мүмкіндігіне қарай әртүрлі болады. Енші бөлу барысында ата-ананың ұйғарымы заң, оған бөгденің билігі жүрмейді. Дәстүр бойынша ұлдың үлкені әке дәулетінің үштен біріне, кенжесі екіден біріне, ортаншылар төрттен бір үлесіне ие болады. Ата-ана қайтыс болған жағдайда енші бөлу билігі ер балалардың үлкеніне беріледі.

Қазақтың енші бөлу салты оның арғы аталары сақтарда бар екенін Геродот жазса, ғұн, үйсіндерде де болғаны Жунгоның «ханнамасында, тарихи жазбаларында» жазылған. Осындай енші беру салты басқа ұлттарда да бар. Қазақ халқындағы осы салт жөнінде бүгінгі замандастарымыз не дейді? Тыңдайық.

 

Күлшат МӘУЛЕНОВА, Сарыағаш аудандық әжелер алқасының төрайымы:

– Біз жаңғыру жолындағы Елбасы Жолдауына үн қосып, ата-бабадан мирас болған ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудеміз. Бабалар салған дәстүрдің мәнін ұғынып сақтау, оны ұлт болашағы мен еліміздің кемел келешегі үшін бүгінгі өмір талабына сай қайта жаңғыртуда ақ жаулықты аналарымыздың қосар үлесі аз емес.

«Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ» дегендей, перзенттеріміз өсіп-жетіліп, үйленгеннен кейін ұядан жан-жаққа ұшатыны заңдылық. Сондай кезде көнеден келе жатқан дәстүр бар, ол – ұлдың еншісін бөліп беріп, бөлек шығару. Бұрындары мұндай сәтте ағайын, көрші-қолаң да көмектесетін. Әлі есімде, жас кезімде көршіміздің ұлына енші бергелі жатқанын естіп, анам жас отауға қажетті біраз заттарды апарып еншісіне қосқан еді. Кейбір кездері ата-анасының баласына: «Сенің еншіңді беріп қойғанмын, енді менен ештеңе сұрама» деп жатқанын да құлағым шалған-ды. Сол дәстүр бүгінгі таңда да жалғасын тауып келеді. Бірақ, бұрынғыдай енші беруге ағайындар болып атсалыспайды. Әр ата-ана өз шама-шарқына қарай жас отбасының қажеттілігіне байланысты көмектерін беріп, үй болып кетулеріне өзіндік үлестерін қосады.

Қайнымның ауылда тұратын құда-құдағиы малды болатын. Олар ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Сонда балаларының әрқайсысына еншісі деп малдарын да теңдей бөліп бергенін көргенмін.

Енші беру – ағайын арасындағы татулық, сыйластықтың бір белгісіндей. Ол адамдардың бір-біріне жанашырлығын танытады, қамқорлық, мейірімділік, бауырмалдық қасиеттерін оятады. Өзім де ұлдарымның бірін жеке отау қылып шығардым. Үй салуына көмектестік. Одан соң кілем, төсеніш, қазан-табақ, оқтау-тақтай дегендей күнделікті тұрмысқа қажетті біраз бұйымдарын әпердік. Бұрын ағайындарды жинап дастарқан үстінде жас отау иелеріне ақ бата беріп шығарып салушы еді, қазіргі уақытта мұндай үрдіс қалып барады. Әрқайсысы өзімен-өзі болып кеткен заман... Мені сол ғана қынжылтады.

 

Сара АҒЫБАЕВА, көпбалалы ана, Шымкент қаласы:

– Екі ұлы бар ата-ана бірін қара шаңырақта қалдырып, екіншісіне енші бөліп, бөлек отау етіп шығарған. Бұл үшін алдымен баспанасын қамдап, сосын дүние-мүліктен, малынан тиесілі бөлікті берген. Мал-мүлікті үшке бөлген. Екі бөлігі қолда қалғанына, бір бөлігі бөлек шыққан баласына беріледі. Себебі, қолда қалғанында әке-шешесінің де үлесі болуы тиіс. Егер ата-анасы қайтыс болып кетсе, енші бөлу міндеті үлкен ұлға артылған. Ол әке-шешенің жиған-тергенін бауырларымен бөліспесе, тасбауыр атанған. Мұндай жағдай ағайын арасында араздық туғызған.

Өзіме келер болсам, бізді де ата-енеміз енші беріп бөлек шығарды. Екі қайнағам үй салып берді, сол кішігірім үйде өсіп-өндік. Екі ұлым, бір қызым дүниеге келді. Кейін ол үйді сатып жібердік, әйтсе де, әлі күнге дейін сол алғашқы баспанамыз түсіме кіреді. Бұл 1984 жыл болатын. Ол кезде екінің бірі балаларына мұндай жағдай жасап бере алмайтын. Барға қанағат қылып шүкіршілік ететін заман еді. Үлкендердің енші бөліп беруінің өзі жас отаудың керегесінің қатаюына көмектеседі. Қазіргі таңда көп отбасының басында баспанасы жоқ, пәтерден пәтерге көшіп жүргенін көргенде жүрегім ауырады. Ата-аналары енші бөліп бергісі келеді-ақ, бірақ, қысқа жіп күрмеуге келмей жатқан мына заманда, жоқшылықтың қолды байлап тұрғаны жасырын емес. Тойдың өзін қарызданып-қауғаланып әзер жасап береді. Бар болса, бергенге не жетсін?!

Отағасы екеуміз екі ұлымызды өз алдына бөлек отау етіп шығардық. Әкенің асыл қасиеттерін бойына сіңірген жолдасым Ақылбек балаларына бірдей жобамен үй салып берді. Ал, мен кілем, ыдыс-аяқ тәрізді күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдарын толықтырдым. Сөйтіп, батамызды беріп бөлек шығардық. Қазір, Аллаға шүкір, балалы-шағалы болып, қатарларынан қалмай тіршілік етуде.

Енші беру дәстүрін қазақтың алтын жоралғыларының біріне жатқызар едім. Ол жас отбасының тату-тәтті, берекелі өмір сүріп кетуіне үлкен көмек. Біздің халық бар тапқан-таянғанын тірнектеп балаларына жинайды, бала-шағасының қызықшылығына жұмсайды. Құдайым, осы пейілімізден айырмасын!

Пікір қалдырыңыз