ӨМІРІ ӨНЕГЕЛІ АЗАМАТ

Садық Бақтияр 1948 жылы 1 қаңтарда Қазығұрт ауданының Қақпақ ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Орта мектептi алтын медальмен, Қазақтың мемлекеттiк ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетiн үздiк белгiмен бiтiрген. Мамандығы – ғалым-агроном, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы АШҒА академигi.
Ол еңбек жолын 1969 жылы Красноводопад мемлекеттiк селекциялық стансасының аға ғылыми қызметкерi ретiнде бастап, онда 1987 жылға дейiн бөлiм бастығы, директордың ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары, 5 жылдан астам уақыт станса директоры болып қызмет атқарды. Қазiргi кезде өндiрiсте кең тараған күздiк бидайдың «Красноводопадская–210», «Красноводопадская–25», арпаның «Б´йшешек», жоңышқаның «Красноводопадская–8», еркекшөптiң «Красноводопадская–414» сорттары сол жылдары шығарылды және оларды тәлiмi жерде өсiрудiң ғылыми негiздерi жасақталды. Сол жылдары стансаға жаңадан игерiлiп жатқан Келес массивiнен қосымша суармалы жер алынды. Бұл бастама тұқым шаруашылығын жолға қоюға және дәндi дақылдар мен жоңышқаның элита тұқымдарын өндiру бойынша стансаның көшбасшы орынға ие болуына жол ашты. Ғалымдар шығарған жаңа сорттар көршi Өзбекстан, Түркiменстан және Қырғызстанда кеңiнен тарай бастады. Жүргiзген ғылыми жұмыстарының негiзiнде ол 1979 жылы «Оңтүстiк Қазақстанның тәлiмi жерлерiнде тұқымдық жоңышқаны өсiрудiң агротехникалық ерекшелiктерi» тақырыбы бойынша Алматыдағы Қазақ ғылыми-зерттеу егiншiлiк институтында кандидаттық диссертация қорғады.
1987–1994 жылдары Шымкент облыстық агроөнеркәсiп кешенi төрағасының орынбасары, Шымкент облыстық партия комитетiнiң аграрлық саясат бөлiмiнiң меңгерушiсi, ҚКП Оңтүстiк Қазақстан облысы Қазығұрт (Ленин) және Сарыағаш аудандарының аудандық партия комитеттерiнiң бiрiншi хатшысы, халық депутаттары аудандық кеңестерiнiң төрағасы болып қызмет атқарды. Тәуелсiздiктiң алғашқы қиын жылдары облыстық және аудандық «Азық-түлiкпен өзiн-өзi қамтамасыз ету», «Елiмiздiң нарықтық қатынастарға көшу кезеңiнде халықтың аз қамтамасыз етiлген бөлiмiн әлеуметтiк қорғау» бағдарламаларын жасап iске асырды. Осы бағдарлама аясында халықты азық-түлiкпен қамтамасыз ету мақсатында ауданның әр тұрғынына 130 келi астық берiлгенi сарыағаштықтардың әлi есiнен шыққан жоқ. Қазығұрт және Сарыағаш аудандарында арнайы жер қорлары құрылып, тәуелсiз Қазақстанның алғашқы жеке шаруа қожалықтары ұйымдастырылды. Бұл тәжiрибенi 1992 жылдың ақпанында Қазақстан Республикасының Президентi Н.Назарбаев Қазығұрт ауданына барған сапары кезiнде жоғары бағалады.
Лауазымды қызметтердi атқара жүрiп, өзi iстеген құзырлы мекемелердiң мүмкiндiктерiн, ғылым жетiстiктерiн өндiрiске ендiруге бағыттады. Сол жылдары Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша жоңышқа дақылының егiс көлемi екi есеге артып, 415 мың гектарға жеттi. Атқарылған нәтижелi жұмыстардың негiзiнде 1993 жылы Мәскеудегi К.А.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясында «Оºтүстiк Қазақстанның тәлiмi жерлерiнде жоңышқа өсiрудiң ғылыми негiздерi» тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғады.
Сарыағаштықтар 1994 жылғы сайлауда ерекше ауызбiршiлiк танытып, оны Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты етiп сайлады. Жоғарғы Кеңестiң аграрлық және азық-түлiк мәселелерi бойынша комитет төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған кезде ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiне мемлекет тарапынан қолдау көрсету, мемлекеттiк тапсырысты тоқтату және астықтың бағасын еркiн жiберу туралы заңдардың қабылдануына белсене атсалысты. Елбасы Н.Назарбаевтың ел астанасын Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшiру, елiмiзде конституциялық және экономикалық реформаларды тездету туралы бастамаларын қызу қолдады.
Республика Үкiметi басшылырының тапсырмасы бойынша 1995 жылы Қазақстан Республикасы мемлекеттiк азық-түлiк келiсiмшарт корпорациясын құрып, мемлекеттiк астық қорын түгендедi. Елiмiздiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетiн арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасының «Астықтың мемлекеттiк қоры туралы» ереженi және «Астық туралы» Заңды жасақтауға белсене қатысты.
1997–2001 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрiнiң орынбасары,Ұлттық Академиялық аграрлық зерттеулер орталығы Бас директорының орынбасары болып iстеген кезде ауыл шаруашылығы дақылдары, жануарлары және микроорганизмдерiнiң тектiк қорын сақтау мен тиiмдi пайдалану ғылыми-техникалық бағдарламасын жасақтап iске асыруды ұйымдастырды. Қазақстанда тұңғыш рет елiмiздiң ауыл шаруашылығы дақылдарының, жануарлары мен микроорганизмдерiнiң қорын сақтайтын Тектiк Банктер жасақталды. Олар қазiргi кезде жаңа сорттар мен асыл тұқымды мал түрлерiн шығаруда және өнiмдi өңдеу салаларында кеңiнен пайдаланылуда. Астық өндiрiсiнiң бәсекелестiк әлеуетiн арттыру үшiн СИММИТ және ИКАРДА сияқты халықаралық ғылыми орталықтармен бiрлесе отырып, селекция, тұқым шаруашылығы, астық дақылдарын өсiру технологиялары жетiлдiрiлдi.
Жаңа мыңжылдық басында Елбасы Н.Назарбаевтың аграрлық сала ғалымдарын алыс аудандарға барып өздерiнiң ғылыми жетiстiктерiн ендiруге шақыруына жауап ретiнде ол Алматы қаласындағы Ұлттық Академиялық Аграрлық Зерттеулер орталығы Бас директорының орынбасары қызметiнен шалғайда орналасқан Қарағанды облысы, Шет ауданында жүргiзiлетiн Қазақстан Республикасы Үкiметi мен Дүниежүзiлiк Даму банкiнiң «Қуаң жерлердi басқару» жобасын жасақтау және iске асыру тобының жетекшiлiгiне конкурс бойынша өтiп, пайдаланылмай жатқан бос жерлерде шабындықтар мен жайылымдар жасауды қолға алды. Жасы елуден асқан шақта ағылшын тiлiн оқып үйрендi.
Аталған жоба аясында 2001–2006 жылдары қуаңшылығы аса басым аймаққа орналасқан Қарағанды облысының Шет ауданында аумағы 1 млн. гектардан астам 11 ауыл округi территориясында астық егуге қарағанда көпжылдық шөптер егiп, мал шаруашылығымен шұғылданудың экономикалық және экологиялық жағынан тиiмдi екендiгi нақты iстер арқылы көрсетiлдi. Бос қалған 35 мың гектар жерге еркекшөп, жоңышқа, түйежоңышқа сияқты көпжылдық шөптер егiлiп, топырақтың құнарлығы қалпына келтiрiлдi. Қазақстанда алғашқы рет алыс жайылымдардағы малшыларды электр энергиясымен қамтамасыз ететiн 25 жел және күн электр қондырғылары орнатылды, сүт өнiмдерiн сатып алу және қайта өңдеу бойынша 11 ауыл шаруашылығы серiктестiктерi мен орталықтары құрылды. Нәтижесiнде мал басы мен ет-сүт өндiру екi еседен астамға артты, экономикалық жағынан кенже қалған Шет ауданы мал шаруашылығы дамыған iргелi ауданға айналды.
Тәуелсiз халықаралық сарапшылар аталған жобаның нәтижелерiн «Әлемде теңдесi жоқ жоба» деп бағалады және ол Қазақстанда және басқа елдерде осындай жобалардың жасақталып, iске асырылуына негiз болды. Жобаның ұстанымдары мен әдiстерi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң орнықты даму бойынша комиссиясында арнайы каралып, оларды агроөнеркәсiп кешенiн дамытудың мемлекеттiк бағдарламаларын жасақтауда назарға алу керектiгi ұсынылды.
2006–2009 жылдары ҚР Үкiметi мен Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының жаһандық маңызы бар «Сулы, батпақты жерлердå мекен өзгертiп отыратын құстардың өмiр сүру ортасы ретiнде кешендi сақтау» жобасының Ұлттық сарапшысы, «КазАгроИнновация» АҚ бiрiншi вице-президентi болып қызмет атқарған кезде елiмiздiң ғылыми-зерттеу мекемелерi мен Қазақстанда iске асырылып жатқан Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасы арасында тығыз байланыс орнату мақсатында арнайы меморандумның қабылдануын қамтамасыз еттi.
2009 жылы конкурстық негiзде Қазақстан Республикасы Үкiметi мен Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының Алматы облысы Жамбыл ауданында жүзеге асырылатын «Экожүйенiң тұтастығын сақтау және ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту үшiн жайылымдарды орнықты пайдалану» жобасының жетекшiсi болып тағайындалды. Жобаны iске асыру барысында Алматы облысы Жамбыл ауданының Шиен, Үлгiлi, Мәтiбұлақ және Айдарлы ауыл округтерiнiң топырақ-климат жағдайларын ескере отырып, жайылымды басқарудың әртүрлi әдiстерi сыналды. Жел және күн генераторларын орнату арқылы сумен, электр жарығымен қамтамасыз етiлiп, құдықтар, суаттар қайта қалпына келтiрiлдi. Көпжылдық шөптер егу арқылы жоғары өнiмдi шабындық және жайылымдық жасалды. Жергiлiктi халықты жайылым басқару iстерiне қамту мақсатында қоғамдық кеңестер мен серiктестiктер құрылды.
Жобаның озық нәтижелерi Қазақстан Республикасы Парламентi Сенаты және Мәжiлiсiнде, Ауыл шаруашылығы министрлiгiнде, республикалық және халықаралық конференцияларында баяндалды. Жайылымдарды орнықты басқару мәселелерi бойынша республикалық баспасөз ақпарат құралдары арқылы бiрнеше мақалалар мен сұхбаттар жарияланды. Б.Садықтың жетекшiлiк етуiмен дайындалған «Жайылымдарды орнықты басқарудың қазақстандық моделi» Қазақстан Республикасының «Жайылым туралы» Заңын және Агроөнеркәсiп кешенiнiң орнықты дамуына арналған бағдарламаларын жасақтауға негiз болды.
Ол 2012 жылдан қазiрге дейiн Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндiрiсi ғылыми- зерттеу институтының бас ғылыми қызметкерi болып қызмет атқарып келедi. Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының сарапшысы ретiнде жердi орнықты пайдалану жүйелерiн көрсету мақсатында астық өндiрiсiн тұрақтандыру, жоңышқа өсiрудiң «жасыл» технологиясы және алыс жайылымдарда мал шаруашылығын дамыту мәселелерi бойынша 30-дан астам серпiндi жобалар Ақмола, Костанай, Солтүстiк Қазақстан, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында iске асырылды. Олардың негiзiнде 1500-ден астам фермер мен жергiлiктi атқару органдарының қызметкерлерi жер, су және жайылымдарды пайдаланудың озық тәжiрибелерiмен танысты.
Жоғарыда аталған бастамаларды iске асыру үшiн ол «Жасыл Азық» қоғамдық қорын құрды. Оның «Жоңышқаны жасыл технологияларды қолданып егу арқылы тозған жерлердiң құнарлылығын тез қалпына келтiру» жобасы Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасы мен «Экваторлық бастама» әрiптестiгiне 120 елден түскен 806 жұмыстың iшiнен жергiлiктi жағдайда орнықты дамуды қамтамасыз ететiн әлемдiк маңызы бар үздiк жұмыстардың бiрi болып, «Экватор–2017» халықаралық жүлдесiне ие болды. ТМД елдерi iшiнен бұл жүлде тек қазақстандық «Жасыл Азық» қорына ғана берiлдi. Жүлде 2017 жылдың 17 қыркүйегiнде Бiрiккен Ұлттар Ұйымының 72-шi Бас Ассамблеясы бағдарламасы аясында Нью-Йорк қаласының «Town Hall Theatre» ғимаратында халықаралық ұйымдар, ұлттық үкiметтер, саясаткерлер, жергiлiктi қауымдастықтар және баспасөз өкiлдерiнiң қатысуымен салтанатты түрде табысталды.
Бiрiккен Ұлттар Ұйымының медиа аймағында өткен баспасөз конференциясында: «Қазақстандық бұл бастаманың көкжиегi кең, оның аумақтық немесе ұлттық шекарасы жоқ. Оны жүзеге асыру барлық елдер мен мемлекеттерде жердiң құнарлы күшiн тез қалпына келтiредi және азық-түлiк қауiпсiздiгiн нығайтуды қамтамасыз етедi. Оны Жаhандық экологиялық қор мен Бiрiккен Ұлттар Ұéûìû Даму бағдарламасының Қазақстанда жер ресурстарын орнықты пайдалануға бағытталған бiрнеше халықаралық жобаларының нәтижелерi көрнектi түрде айғақтап отыр. Бiз тозған жердi қайта қалпына келтiру бойынша бiрқатар тәжiрибе жинақтадық. Осы бастама аясында барлығыңызбен бiрлесiп жұмыс iстеуге және жәрдем беруге даярмыз» деп атап көрсетiлдi.
– Халықаралық жүлденi алған сәтте ел тарихында бiрiншi өткен жалпыхалықтық Президент сайлауынан кейiн, 1992 жылдың ақпан айында қасиеттi Қазығұрт тауының баурайында ел ағаларының ұйғарымы бойынша Жамбыл ақсақалдың тапсырған қамшысын алып тұрып Елбасы Н.Назарбаевтың: «Бiз бұл қамшымен партия мен совет үкiметiн қуамыз. Бiз әлем танитындай етiп Қазақстанның тәуелсiз мемлекетiн құрамыз!» деген сөзi еске түстi. Ширек ғасыр өткен соң сол ұлағатты сөздiң толық iске асқанына және оған тамшыдай болса да үлес қосу маған нәсiп болғаны үшiн Жаратқан иемiзге шүкiршiлiк еттiм, – дейдi Бақтияр Садықұлы.
Қазiргi таңда Б.Садық интенсивтi мал шаруашылығына мал азығының орнықты қорын жасауға бағытталған мақсатты ғылыми-зерттеулер бағдарламасы аясында өнiмдi 1,5 есе көтеретiн жемшөп дақылдарын өсiрудiң «жасыл» технологиясын таратумен шұғылдануда. «Қазақстан – 2050» стратегиясы талаптарына сай фермерлердiң және жергiлiктi басқару мекемелерi қызметкерлерiнiң бiлiм дәрежесiн арттыруға арналған «Қазақстанда жемшөп дақылдарын өсiрудiң «жасыл» технологиясы» атты әдiстемелiк оқу құралын дайындады.
Барлығы 120-дан астам ғылыми еңбек, әдiстеме жариялаған. Республикалық радио, телевизия және де баспасөз құралдары арқылы аграрлық саланың өзектi мәселелерi бойынша 500-ден астам ақпарат таратқан. Ауыл шаруашылығы дақылдары, жануарлары мен микроорганизмдерiнiң тектiк қорын сақтау мен тиiмдi пайдалануға бағытталған «Тектiк қор болуы керек», Орталық Қазақстанның пайдаланылмай жатқан бос жерлерiнде шабындықтар мен жайылымдар жасаудың тиiмдiлiгiн көрсететiн «Сарыарқа қазынасы» және жайылымдарды орнықты пайдалаíудың табысты тәжiрибелерiн насихаттайтын «Кең дала» атты телефильмдердiң сценарийлерiн дайындауға жетекшiлiк еттi.
Ұл-қыз өсiрiп, немере-шөбере сүйiп отырған өнегелi отбасы иесi. Балаларының барлығы жоғары бiлiмдi, Қазақстан экономикасының әртүрлi салаларында жұмыс iстейдi.
Көп жылдық табысты еңбектерi бағаланып, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы, Бiлiм және ғылым министрлiктерiнiң, Ұлттық Академиялық аграрлық зерттеулер орталығынын Құрмет грамоталарымен, БҰҰ Даму бағдарламасының алғыс сертификаттарымен, Сарыағаш, Қазығұрт аудандарының құрметтi азаматы атағымен (1998, 2000 æ.æ.) және Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң «Облысқа сiңiрген еңбегi үшiн» медалiмен және «Құрмет белгiсi» орденiмен (1986 æ.) марапатталған. Жуырда Елiмiздiң Тәуелсiздiк күнi қарсаңында Елбасы Жарлығымен елiмiздiң экономикасын, ғылым мен бiлiм салаларын дамыту жолында мемлекеттiк органдарда және ғылыми мекемелерде атқарған үлгiлi қызметi мен белсендi қоғамдық жұмыстары үшiн «Құрмет» орденiмен марапатталды.
Байдулла ҚОНЫСБЕК, Қазақстанның құрметтi журналисi.