ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫ: IЗДЕНIС ТЕ, ЖЕТIСТIК ТЕ МОЛ

  Оңтүстiк Қазақстан облысында өткен жылы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберiнде құны 9,4 млрд. теңгенi құрайтын 13 жоба iске қосылды. Атап айтқанда, «Рахат Шымкент» ЖШС-i вафельдi түтiкшелер өндiрiсiн ұйымдастыру жобасын iске қосты. Жоба құны 850 млн. теңге болатын кәсiпорын жылына 1700 тонна өнiм өндiредi. Заманауи оңтүстiккореялық технологиялар қолданылатын зауытта 28 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал, Отырар ауданында «Азия агро» ЖШС-нiң жүгерi өңдейтiн зауыты жылына 5 мың тонна жүгерiнi өңдеуге қауқарлы. Жобаның құны 619 млн. теңге. Кәсiпорын құс фермаларын құрама жеммен қамтамасыз ету мақсатында өзi жүгерiнi өсiрiп, қайта өңдейдi. Мұнда 16 адам жұмыспен қамтылған. Созақ ауданының индустриялды аймағында iске қосылған жобаның бiрi – «Сырлы Созақ» ЖШС-нiң полимерлiк қалдықтарды қайта өңдейтiн және төменгi қысымды құбырлар шығаратын зауыты. Құны 222,9 млн. теңге болатын жобаның жылдық қуаттылығы 1 мың тонна. Өнiмдерiн уран өндiрушi кәсiпорындарына жеткiзетiн зауытта 31 адам еңбек етедi.

 

Өткен жылы iске қосылған жобалардың бiрi «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан «Бумпром» ЖШС-нiң картоннан қағаз жасау үшiн рубероид, гипсокартон және цемент қап өндiрiсi. Жобаның жалпы құны 100 млн. теңгенi құрайды. Кәсiпорын жылына 4 мың тонна өнiм шығаруға қауқарлы. 2017 жылы жұмысын бастаған «Дезфумекс» ЖШС-нiң бетон өндiрiс зауытының жалпы құны 150 млн. теңге. Сонымен бiрге, «Химфарм» АҚ қатты дәрiлiк өндiрiс формалар өндiрiсiн iске қосты. Жобаның жалпы құны 4 266 млн. теңге болса, зауыт жылына 200 миллион таблетка шығаруға қауқарлы. Сарыағаш ауданында ашылған «База-Service» ЖШС-нiң консервiлеу цехы бар көкөнiс және жемiс сақтау құрылысы iске қосылды. Жобаның жалпы құны 500 млн. теңгенi құрайды. Ал, Шымкент қаласында «Компания Р.Э.Т» ЖШС керамикалық қаптайтын қыш шығаратын зауыты жұмысын бастады. Жылына 20 миллион кiрпiш шығаратын зауыттың жобалық құны – 103 млн. теңге.

Ерекше жобаның бiрi Отырар ауданында жүзеге асырылды. «Ақмерген» ЖШС жаңашыл жобаны жүзеге асыру үшiн жергiлiктi жерде көп өсетiн табиғи қамысты пайдаланды. Елiмiзде теңдесi жоқ жобаның жалпы құны 622,3 млн. теңге. Жылына 150 мың шаршы метр өнiм өндiруге қауқары бар цехта жергiлiктi 30-ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

Пікір қалдырыңыз