«ДАРЫН» СЫЙЛЫҒЫН АЛҒАН ДӘРIГЕР

Жастары жiгерлi елдiң болашағы қашан да жарқын болары белгiлi. Мұны Елбасы жастармен кездескен сайын айтады. Айтып қана қоймай, жастарды ынталандыруға, олардың қабiлет-қарымдарын арттыруға барынша жағдай жасап келедi. Әр салада өз iсiнiң үздiгi деп танылған жастарды қолдау мақсатында 1992 жылдан бастап жасы 35-тен аспаған, қоғамдық-әлеуметтiк, мәдени қызметтерiмен халыққа танылған талантты жастарға 2 жылда бiр рет «Дарын» мемлекеттiк сыйлығы берiлiп келедi. Бұл Елбасының тiкелей бастамасымен тағайындалған сыйлық.
Елiмiзде ғылым, архитектура, өнер, әдебиет, журналистика, спорт, халық шығармашылығы салаларында жетiстiкке жеткен бiрқатар азамат осы сыйлықтың иегерi атанған. Солардың бiрi – Қайрат Қалыбеков бүгiнде Сайрам аудандық ауруханасының бас дәрiгерi.
Алматы мемлекеттiк медицина институтын «Емдеу iсi» мамандығы бойынша үздiк бiтiрген ол еңбек жолын Шымкент қаласындағы мамандандырылған амбулаторлы-хирургиялық травматологиялық және гинекологиялық орталығында хирург-дәрiгер болып бастаған.
– Жарасы жанына батқан, оқыс жағдайға ұшыраған науқастардың денi осы орталыққа келетiн. Сонда жүрiп әбден ысылдым. Науқасты емдеу үшiн оқып-үйренгеннен бөлек, тәжiрибеге көп сүйенедi екенсiң. Мен де алдыңғы буын ағалардан сабақ алдым. Осылайша хирургия саласына бiртiндеп ойыса бастадым. 2000–2003 жылдар аралығында А.Сызганов атындағы ғылыми-хирургиялық орталықтың торакоабдоминалды хирургия бөлiмiнiң аспиранты болдым, – дейдi өткен күндерге көз жүгiрткен кейiпкерiмiз.
Қайрат Жақыпұлы аталған орталықтың аспиранты бола жүрiп, 40-тан астам ғылыми еңбек, үш монографиялық жұмыстың авторы атанды. Үш өнертапқыштық предпатентi бар. Ғылым саласына сiңiрген жоғары табыстары үшiн 2002 жылы ҚР Үкiметiнiң «Дарын» мемлекеттiк жастар сыйлығына ие болады.
Бас дәрiгер қызметте қандай қиындыққа кездессе де еңбегiнiң еленгенiне дән риза. Жалынды жастарға жiгер берiп, кәсiбiне деген құлшынысын арттыратын сый-құрмет көрсеткен Елбасының көрегендiгiне тәнтi.
Дамира МОЛДАНАЗАРОВА, «Оңтүстiк Қазақстан».