ДИПЛОМ АЛҒАНДАР МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАРЫЗ...

  Дилара БИМЕНОВА, «Оңтүстiк Қазақстан». Елiмiзде 2007 жылдан бастап ауыл мектептерiн бiтiрген түлектерге мемлекет тарапынан ауыл квотасы берiле бастады. Соның нәтижесiнде олардың бiрқатары жоғары оқу орындарында грант негiзiнде оқуға мүмкiндiк алды. Бастаманың негiзгi мақсаты жас мамандарды туған жердiң әлеуетiн көтеруге жұмылдыру болатын. Мамандық алып шыққан соң олардың ауылға барып, еңбек етуi мiндеттi болды. Алайда, ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң мұндай талабынан көпшiлiк бейхабар. Үкiмет шалғай елдi мекендердегi қажет маман тапшылығын осылай шештi. Бiрақ...

 

Мысалы, Сайрам ауданы, Көмешбұлақ ауылының тұрғыны Әсия Жұмабекова М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да ауыл квотасы бойынша төрт жыл бiлiм алды. Оқу орнын тәмамдағаннан кейiн жергiлiктi жердегi жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмiне барып, жұмыссыз ретiнде тiркеледi. Бiрақ оған өзi тұратын ауылдан екi қолға бiр күрек табылмай, көршi ауылда орналасқан Құрманғазы атындағы шағын жинақтық мектепке «Жастар практикасы» бойынша алты ай тәжiрибеден өтуге жолдама берiледi. Қазiр сонда еңбек етiп жүр десек те оның келiсiмшарты қыркүйек айында аяқталады.

– Жасыратыны жоқ, ешкiм жас мамандарды бiрден жұмысқа қабылдай қоймайды. Мамандығым бойынша бейнелеу өнерi және сызу пәнiнiң мұғалiмiмiн. Бiр мектепте бұл пәннен дәрiс беретiн 2 мұғалiм болса жеткiлiктi. Өйткенi, ол аптасына бiрнеше рет өтiлетiн сабақтардың қатарына жатпайды. Сондықтан, тез арада жұмыс табуым екiталай. Ал, ауыл квотасының талабына сәйкес түлектер қолдарына диплом алғаннан кейiн жұмысқа тұруы тиiс. Өйтпесе, төрт жылғы оқу ақысын мемлекетке қайтарады, – дейдi Әсия.

Мемлекет алдындағы борышы бар екенiн бiлген жастар қарызынан құтылуға құштар-ақ. Ауыл да олардың бiлiктi маман болып келгенiн күтiп отыр. Дегенмен, жұмыс жоқ... Не iстемек керек?..

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың академиялық мәселелер жөнiндегi департамент директоры, химия ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Назарбекова мұндай жағдайдың жиi кездесетiнiн айтады.

– Ауыл квотасының басым бөлiгi педагогикалық мамандықтарға бөлiнедi. Жыл сайын оқу орны тарапынан облыстық бiлiм басқармасына хат жолдап, қай ауданға, қай мектепке, қандай пән мұғалiмi қажет екенi туралы мәлiмет аламыз. Бiтiрушi түлектерге соған қарап бағыт-бағдар көрсетiп отырамыз. Бiрақ мектеп директорлары бос орындардың жоқтығын алға тартып, жас мамандарды жұмысқа қабылдай бермейдi, – дейдi ғалым.

Бұрындары оқу орындарында педагогтар химия-биология, математика-физика, информатика-физика секiлдi қосарланған мамандықтар бойынша даярланатын. Химия пәнi бойынша бос орын таба алмаған маманның биологиядан дәрiс беруге мүмкiндiгi болатын. Қазiр информатика сабағын тек сол пәннiң мұғалiмi ғана өтуi керек. Ал, егер де мектепте одан жүктеме жеткiлiксiз болса, онда жас мамандар жұмыссыз қала бермек. Сондықтан Сәуле Полатқызы жоғарыда аталған мамандықтарды қайта ашу туралы университет тарапынан министрлiкке хат жолданғанын жеткiздi. Лицензия берiлсе, биылғы жаңа оқу жылынан бастап аталған мамандықтарға талапкерлер қабылданбақ. Мұны бiр деңiз.

Екiншiден, жергiлiктi жердегi бiлiм, жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi мектептердегi бос орындарға сараптама жасап, университеттерге нақты ақпаратты берiп отыруы керек. Сонда диплом алған жастар жұмыс iздеп, әуре-сарсаңға түспейдi.

Жалпы, ауыл квотасының талабына сәйкес түлектер оқу орнын тәмамдағаннан кейiн 3 жыл ауылда жұмыс iстеуi керек. Бұл туралы ҚР «Бiлiм туралы» Заңында: «Ауылдық квота шегiнде педагогикалық, медициналық және ветеринарлық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл жастары қатарынан шыққан азаматтар жоғары оқу орнын бiтiргеннен кейiн тиiсiнше мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарында, мемлекеттiк медицина ұйымдарында, ветеринария саласында қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар бөлiмшелерiнде не ауылдық жерлерде орналасқан мемлекеттiк ветеринария ұйымдарында кемiнде үш жыл жұмысты өтеуге мiндеттi» делiнген. Егер де осы аталған заң талаптары орындалмаған жағдайда бiтiрушiлер өздерiне бiлiм алу үшiн қазынадан бөлiнген қаржыны мемлекетке қайтарады.

Ордабасы ауданы, Темiрлан ауылындағы «Кәусар» гимназиясының директоры Шолпан Шәдiқожа мектепте бос орын болмаса жас мамандарды жұмысқа қабылдай алмайтынын айтады.

– Өткен оқу жылында бiр мұғалiмiмiз зейнеткерлiкке шығып, тағы бiр ұстазымыз Шымкентке қоныс аударды. Солардың орнына «Дипломмен–ауылға» бағдарламасы бойынша келген үш жас маманды жұмысқа қабылдадым. Бiрақ мұндай жағдай жылда бола бермейдi.

Әйтсе де, жоғары оқу орнын бiтiрген жас мамандарға «Жастар практикасы» бағдарламасының берерi көп. Бұл бiзге де оқытудың жаңаша әдiс-тәсiлдерiн меңгерген, бiлiктi кадрларды жұмысқа алып қалуға үлкен мүмкiндiк болып отыр. Мәселен, былтыр мектепке университеттi қызыл дипломмен бiтiрген

Перизат Әмiрәлi есiмдi жас маман жолдамамен келген-дi. Ұйымдастырушылық қабiлетiмен ерекше көзге түскен жаңашыл ұстазды бiрден жұмысқа қабылдадым. Өйткенi, бiзге мұндай мамандар қажет.

Әрине, ұстаз болу, бала тәрбиесiмен айналысу оңай емес. Бұған шыдай алмай кетiп қалатындардың да кездесетiнiн айта кету керек, – дейдi Шолпан Рысбайқызы.

Ауыл квотасының негiзгi мақсаты жас мамандарды туған жердiң гүлденуiне үлес қосуға тарту екенi белгiлi. Елiмiзде соңғы жылдары мемлекеттiк тапсырыспен оқығандарға да өз мамандығы бойынша жұмыс iстеу талап етiлуде. Мәселен, бiз тiлдескен Гүлмира Кемелхан М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да грант негiзiнде оқып, былтыр диплом алған болатын. Ол мамандығына сәйкес жұмыс таба алмағаннан кейiн «Еуразия банкiнiң» бөлiмшесiне қызметке орналасыпты. Алайда, министрлiктегiлер оның мұнысын есепке алып жатқан жоқ. Гүлмира ендi мемлекетке борышкер болып отыр. «Өз мамандығым бойынша жұмыс таба алмасам, берешегiмдi шетiнен төлеп құтылатын боламын» дейдi.

Бiздiң айтпағымыз, ауыл квотасымен оқып жатқан жастар осы бастан қамдануы керек. Өйткенi, қазiр университеттерде оқу ақысы 400-500 мың теңгенiң көлемiнде десек, олардың төрт жыл бiлiм алғаны үшiн мемлекетке беретiн берешегiнiң қанша болатынын есептей берiңiз...

Пікір қалдырыңыз