«Smart Grid» энергетика саласын бақылауға көмектеседi

Шымкент қаласындағы «Қайнар» қонақүйiнде «Сименс» халықаралық компаниясы «Smart Grid» – ақылды желiлер» технологиясы жөнiнде таныстыру шарасын өткiздi. Бұл технология энергетика саласын және коммуналдық жүйелердi электрондық бақылау арқылы тиiмдi басқаруға және қорғауға көмектеседi. Аталған жиынға жергiлiктi әкiмдiк мамандары, халықты газ, су, электр энергиясымен қамтамасыз етушi компания өкiлдерi қатысты.
– Бүгiнде елiмiзде «Жаңғырту 3.0» деген бағдарлама қолға алынуда. Бiз осы бағдарламаны жүзеге асыруға атсалыссақ деймiз. Бiздiң ұсынатын технологиямыздың пайдасы электр энергиясы, жылу, су жүйелерiндегi ысырапшылдықты азайтады, ақаулардың алдын алады және қол күшiмен атқарылатын көптеген жұмыстарды техникаға алмастырады. Елiмiзде электр энергиясын тасымалдаушы ұлттық компания «KEGOK» АҚ-ның қорғаныш және бақылау жүйелерi «Сименстiң» өнiмдерi. «Smart Grid» технологиясы әлемдегi дамыған мемлекеттердiң iрi қалаларының көпшiлiгiнде қолданылады. Шымкент қаласы республикада үшiншi мегаполис атануға талпынуда. Сондықтан мұндай жүйе бұл қалаға да керек. «Smart Grid», әсiресе, жергiлiктi әкiмдiкке қанша электр энергиясы тұтынылып, қанша электр қуаты «жоғалғанын» бiлiп отыруына жәрдемiн тигiзедi. Яғни жаңа жүйенiң көмегiмен энергетика саласында ашықтық қамтамасыз етiледi, –дедi «Сименс» компаниясының өкiлi Азиз Көшкiнбаев.
Ол «ақылды желiлер» технологиясын Шымсити жобасы аясында қаламызда жаңадан бой көтеретiн шағынауданның коммуналдық, энергетикалық жүйелерiне орнатуға болатынын айтты. Сонымен бiрге, бұл идеяға Шымкент қалалық әкiмдiгi де қызығушылық танытып отырғанын жеткiздi. Халықаралық компанияның келесi қадамы – Шымкенттiң электр энергетика саласын зерттеп, соған байланысты өздерiнiң ұсыныстарын әзiрлеу. Айта кету керек, «Smart Grid» технологиясы әрбiр үйдегi жылу, жарық, судың пайдалану мөлшерiн дәл бақылауға мүмкiндiк бередi.
Әнуар ЖҰМАШБАЕВ.