Аурудың алдын алу жолдары қандай?



Туберкулез – әлемде және елімізде қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып отырған жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышы – микобактериялар, олар көбінесе өкпені зақымдайды, алайда адам ағзасының басқа мүшелерінде де кездесуі мүмкін. Туберкулез уақытылы анықталып, дұрыс емделген жағдайда толық жазылуға болатын ауру.

Туберкулез инфекциясы көбінесе аурудың белсенді түрімен ауыратын адам жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлегенде ауаға бөлінетін инфекциялық бөлшектер арқылы таралады. Сондықтан аурудың алдын алу, ерте анықтау және медициналық көмекке уақытылы жүгіну ерекше маңызды.

Туберкулездің белгілері қандай?

Туберкулездің негізгі белгілеріне екі аптадан астам уақытқа созылатын жөтел, дене қызуының көтерілуі, түнгі тершеңдік, әлсіздік, тез шаршау, тәбеттің төмендеуі және дене салмағының өзгеруі жатады. Аталған белгілер байқалған жағдайда медициналық ұйымға жүгініп, тексеруден өту қажет.

Аурудың бастапқы кезеңінде белгілер әлсіз байқалуы немесе басқа ауруларға ұқсас болуы мүмкін. Сондықтан профилактикалық тексерулерден уақытылы өту туберкулезді ерте анықтауға мүмкіндік береді.

Туберкулездің алдын алу шаралары

Туберкулездің алдын алу үшін бірнеше маңызды шараларды сақтау қажет. Балаларды ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес БЦЖ вакцинасымен қамту аурудың ауыр түрлерінен, әсіресе туберкулездің менингит және таралған түрлерінен қорғануға көмектеседі.

Сонымен қатар тұрғын үй-жайларды жиі желдету, күнделікті тазалық сақтау, жөтел этикетін ұстану, иммунитетті нығайтуға бағытталған салауатты өмір салтын қалыптастыру және медициналық тексерулерден уақытылы өту маңызды.

Туберкулезбен ауыратын науқаспен байланыста болған адамдар дәрігердің ұсынысы бойынша тексеруден өтуі қажет. Балалар арасында туберкулез инфекциясын анықтау мақсатында Манту сынамасы және басқа да диагностикалық әдістер медициналық көрсетілімдерге сәйкес жүргізіледі.

Ерте анықтау – тиімді емнің кепілі

Туберкулезді ерте анықтау аурудың таралуын азайтуға және емнің тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Диагностикалық тексерулер медициналық ұйымдарда жүргізіледі. Ауру анықталған жағдайда емдеу дәрігердің бақылауымен жүзеге асырылады.

Туберкулезді емдеу ұзақ уақытты талап етуі мүмкін. Науқас дәрігер тағайындаған емді үзбей, барлық медициналық ұсынымдарды орындауы тиіс. Емді өздігінен тоқтату аурудың асқынуына және дәрілік препараттарға төзімді туберкулездің қалыптасуына әкелуі мүмкін.

Туберкулез – алдын алуға, анықтауға және емдеуге болатын ауру. Халық арасында санитариялық сауаттылықты арттыру, профилактикалық тексерулерден уақытылы өту және аурудың алғашқы белгілеріне назар аудару қоғам денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарады.

Әрбір азаматтың денсаулыққа жауапкершілікпен қарауы, профилактикалық шараларды сақтауы және медициналық көмекке уақытылы жүгінуі туберкулездің таралуына қарсы күрестің маңызды бөлігі болып табылады.

Т. СЕРМАҢИЗОВ,

Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаментінің басшысы. 

Пікір қалдырыңыз