Аспанмен таласқан зәулім үйлер көп,

Мәдина МӘДІ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Қалаларда жаңа үйлер көптеп бой көтеріп жатыр. Бірінің терезесі жарқырайды, бірі қоныстойын тойлауға дайын, енді бірінде күндіз-түні қайнаған жұмыс. Кірпішін қалаған – құрылысшы, қабырғасын көтерген – жұмысшы, төбесін жапқан – еңбек адамы. Бірақ, сол үйлердің бірінен пәтер сатып алу құрылысшылардың өзіне қаншалықты қолжетімді?
Өзгенің баспанасын тұрғызу мен өз баспанаңа қол жеткізудің арасы кейде бірнеше жылдық еңбекпен өлшенеді. Түркістандағы тұрғын үй бағасына қарасақ, бұл сұрақтың жайдан-жай қойылмағанын аңғарамыз. Жаңа қаладағы ауданы 32 шаршы метрлік пәтердің құны – 12,5 миллион теңге. «Сырдария» тұрғын үй кешеніндегі комфорт санатындағы баспаналар 24,5 миллион теңге шамасында болса, бизнес санатындағы үйлердің бағасы 40 миллион теңгеге жетеді. Әрине, үйдің бағасы оның орналасқан жеріне, салынған жылына, құрылыс сапасына, инфрақұрылымына және компаниясына қарай өзгеріп отырады.  Алайда, сатып алушы үшін үйдің қай жерде орналасқанынан бұрын, оны сатып алуға қалтасының көтеретін-көтермейтіні маңызды. Өйткені, баспана бағасы көтерілген сайын адамның арманы емес, сол арманға жететін жолы ұзара түседі.
Ендеше, қарапайым құрылысшының жағдайын есептеп көрейік. Арнайы мамандығы жоқ қарапайым жұмысшының қолына тиетін жалақысы 261 мың теңгеден басталады. Егер ол ай сайын табысының 20 пайызын, яғни 52 200 теңгесін жинаса, жинағаны бір жылда 626 400 теңгені құрайды. Осы қарқынмен 12,5 миллион теңгелік пәтердің толық құнын жинауға шамамен 20 жыл қажет болады. Ал, 24,5 миллион теңгелік үйге 39 жылға жуық, 40 миллион теңгелік баспанаға 63 жылдан астам уақытын сарп етеді. Бұл – баға өзгермейді және жинақ үзілмейді деген шартпен жасалған есеп. Шынайы өмірде азық-түлік, коммуналдық төлем, жол ақысы, киім-кешек пен отбасының өзге қажеттілігі бар. Демек, жалақының бәрін емес, белгілі бір бөлігін ғана жинай алатын адамның үйдің толық құнын өз күшімен жинауы оңай емес.
Сондықтан көпшілік ипотекаға үміт артады. Бірақ, ипотеканың да шарты бар. Ол – бастапқы жарна. 12,5 миллион теңгелік пәтерге 20 пайыз бастапқы жарна төлеу үшін 2,5 миллион теңге қажет. Ай сайын 52 200 теңгеден жинайтын адам бұл соманы 4 жылға жуық уақытта құрайды. «Сырдария» тұрғын үй кешеніндегі 24,5 миллион теңгелік үй үшін бастапқы жарна 4,9 миллион теңгеге жетіп, оны жинауға шамамен 8 жыл кетеді. Сәйкесінше, 40 миллион теңгелік бизнес санатындағы баспанаға қажет 8 миллион теңгені жинау 13 жылға жуық уақыт алады.
Ойланып қараңыз: адам әлі үйдің өзін сатып алған жоқ, тек банкке апаратын алғашқы қаражатты жинап жүр. Ал, осы жылдарда ол қайда тұрады? Пәтер жалдаса, ай сайынғы жалдау ақысын төлейді. Отбасының күнделікті шығыны тағы бар. Бір жағынан бүгінгі тұрмысын қамтамасыз ету, екінші жағынан болашақтағы баспанасына қаражат жинау – екі міндетті қатар алып жүру оңай емес.
Бастапқы жарна жиналғаннан кейін де баспана мәселесі толық шешілмейді. Енді ай сайынғы несие төлемін өтеу керек. Мысалы, 12,5 миллион теңгелік пәтерге 2,5 миллион теңге бастапқы жарна төлеп, қалған 10 миллион теңгені 20 жылға бөліп төлейсіз делік. Жылдық 7 пайыздық мөлшерлемемен ай сайынғы аннуитеттік төлем шамамен 77,5 мың теңге болады. Жылдық 9 пайызбен төлем 90 мың теңгеге жуықтайды. Бұл есепке сақтандыру мен басқа да қосымша шығындар кірмейді. Ай сайынғы төлем қағаз жүзінде болмашы болып көрінуі мүмкін. Бірақ, табыстың тұрақтылығы, отбасының өзге шығындары мен күтпеген жағдайлар ескерілмесе, ипотека ұзақ мерзімді қаржылық салмаққа айналады. Өйткені, үйдің кілтін алған күн – қарыздың аяқталған күні емес! 
Жылдық 2, 5, 7 немесе 9 пайыздық мөлшерлемелердің де шарттары бірдей емес. Жеңілдетілген бағдарламалар азаматтың санатына, тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркелуіне, табысына және өзге талаптарға байланысты беріледі. Мәселен, «7-20-25» бағдарламасында бастапқы жарна кемінде 20 пайызды құрайды, ал, Түркістан сияқты өңірлерде сатып алынатын үйдің құны 20 миллион теңгеден аспауы тиіс. Сондықтан 12,5 миллион теңгелік пәтер осы баға талабына сәйкес келуі мүмкін, ал, 24,5 миллион және 40 миллион теңгелік үйлер белгіленген шектен жоғары. Яғни төмен пайызбен несие алу мүмкіндігі болғанымен, ол барлық баспанаға және барлық азаматқа бірдей қолжетімді емес.
Құрылысшының еңбегін көз алдыңызға елестетіңіз. Таң атқаннан кеш батқанға дейін ол кірпіш қалайды, бетон құяды, биік ғимараттың қабырғасын көтереді. Оның еңбегімен жаңа үйлер бой түзеп, қаланың келбеті өзгереді. Бірақ, өзі үшін шағын пәтер алу оны бірнеше жылдық жинақ пен ұзақ мерзімді несиеге тәуелді етеді. Бұл жерде мәселені тек құрылысшының табысымен немесе пәтердің бағасымен есептеуге болмайды. Тұрғын үйдің құнына жер, құрылыс материалдары, жұмыс күші, инфрақұрылым және басқа да шығындар әсер етеді.  Алайда, халықтың сатып алу мүмкіндігін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Үй салынып жатқаны – бір бөлек, сол үйді сатып алуға қарапайым азаматтың шамасы жетуі – бір бөлек мәселе.
Қалада зәулім үйлер бой көтеріп жатыр. Бірақ, сол үйлерді тұрғызған адамның өзі баспанаға қол жеткізе алмаса, құрылыс қарқынының игілігін кім көріп жатыр? Кірпішін қалаған, қабырғасын көтерген еңбек адамы өз отбасына үй алу үшін ондаған жыл ақша жинауға мәжбүр. Бұл – бір жұмысшының ғана емес, еңбекақы мен баспана бағасының арасындағы алшақтықты сезінген талай отбасының проблемасы. Сондықтан баспана қолжетімділігі тек құрылыс көлемімен емес, қарапайым халықтың сол үйлерді сатып алу мүмкіндігімен өлшенуі керек. Әлеуметтік әділеттілік дегені-
міз – адамның адал еңбегі күнкөрісіне ғана емес, өзіне баспана сатып алуына да жетуі. Өйткені, үйді көп салу – құрылыс саласының жетістігі, ал, сол үйге халықтың қолы жетуі – қоғамның жетістігі.
Пікір қалдырыңыз