Электронды кезек жүйесі

Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Келес ауданындағы Б.Қонысбаев кеден бекетінің жұмысымен танысты.  Шекара маңындағы көлік қозғалысын реттеу, сондай-ақ электронды кезек жүйесінің тиімді жұмысын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеді. Мұндағы жұмыс жүйесін Келес ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Мырзамұратов баяндады.

Кездесуде жүк көліктерінің кеден бекетіне жиналып қалуына жол бермеу, шекара маңындағы автокөлік кептелісін азайту және жүргізушілерге қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды. 
Осы бағыттағы негізгі тетіктердің бірі – электронды кезек жүйесі. Қазақстан мен Өзбекстан арасында жүк көліктерін осы жүйе арқылы өткізу ұйымдастырылған. Аталған талап ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрінің бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Осыған орай, өткізу пункттері арқылы өтетін көлік жүргізушілері мен тасымалдаушыларға кемінде 4-5 күн бұрын электрондық кезекке тіркелу ұсынылады. Кезекке тұру «Qoldau» порталы немесе «CarGoRuqsat» мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Жүргізуші өткізу пунктін таңдап, көлік құралының мәліметтерін енгізіп, шекарадан өтетін күн мен уақытты белгілейді.
Электронды кезек жүйесі жүк көліктерінің қозғалысын алдын-ала жоспарлауға, өткізу пунктіндегі жүктемені реттеуге және жол бойында ұзын-сонар кептелістің қалыптасуына жол бермеуге мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің орынбасары кеден басшыларына шекара маңындағы көлік қозғалысын жүйелі реттеу, электрондық кезек тәртібінің сақталуын қамтамасыз ету және тазалық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау бағытында нақты міндеттер жүктеді.
Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары өңірлік маңызы бар КХ-20 «Абай–Ұшқын–Достық» автомобиль жолындағы көпірдің құрылысын аралап көрді. 
Қазіргі таңда құрылысқа 15 жұмысшы мен 8 арнайы техника жұмылдырылған. Көпірдің тірек құрылымдарының шөгуіне байланысты өткен жылы істен шыққан нысанды қайта салу жұмыстары биыл басталған болатын. Құрылыс 2027 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда.
Еркебұлан Дауылбаев сала мамандарына құрылыс жұмыстарының қарқыны мен сапасына назар аударып, құрылыс талаптарын қатаң сақтауды тапсырды.
Аталған көпірдің қайта жаңғыртылуы Абай, Ұшқын және Достық елді мекендері арасында тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз