Нақты қадам, жаңа бағыт
Президент биылғы Жолдауында айқындаған басым бағыттардың бірі – құрылыс саласын жаңа сапалық деңгейге көтеру. Құрылыс тек тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салумен шектелмейді. Ол – қалалардың сәулеттік келбетін қалыптастыратын, өндірістік әлеуетті жақсартатын және халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды сала. Сондықтан құрылыс нысандарының сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заманауи материалдарды пайдалану және цифрлық жобалау технологияларын енгізу – бүгінгі күннің басты талаптары.
Аймақтық инновациялық университетіндегі «Құрылыс» және «Сәулет» білім беру бағдарламалары бойынша даярланатын мамандар осы міндеттерді жүзеге асыруға тікелей атсалыса алады. Білім алушылар BIM-технологияларды, автоматтандырылған жобалау жүйелерін, сейсмикалық қауіпсіздік талаптарын, «ақылды қала» қағидаттарын және экологиялық құрылыс тәсілдерін талапқа сай меңгеруі қажет. Болашақ түлектеріміз қалаларымызды көркейтуге, тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңартуға, жаңа өндірістік кешендер салуға үлесін қосуы тиіс.
Елімізде атом электр стансаларын салу мәселесі де құрылыс, энергетика және өнеркәсіп салаларына жаңа міндеттер жүктеп отыр. АЭС – тек электр энергиясын өндіретін нысан емес, мыңдаған маманның білімін, инженерлік тәжірибесін және жоғары жауапкершілігін қажет ететін аса күрделі технологиялық кешен. Оны салуға энергетиктермен бірге құрылыс инженерлері, сәулетшілер, ақпараттық жүйелер мамандары, химик-технологтар, автоматтандыру және өндірістік қауіпсіздік саласының қызметкерлері қатысады.
Осыған байланысты университетіміздің білім беру бағдарламаларын атом энергетикасы саласының талаптарымен сабақтастыру маңызды. «Электроэнергетика» мамандығының білім алушылары электр стансалары мен жоғары кернеулі желілерді басқаруды меңгерсе, «Құрылыс» және «Сәулет» бағыттарының студенттері ерекше қауіпсіздік талаптары қойылатын өндірістік нысандарды жобалау мен оны салу құзыреттерін игеруі керек. Ал, «Ақпараттық жүйелер» білім алушылары АЭС жұмысын цифрлық бақылау, деректерді талдау, жабдықтардың жағдайын болжау және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарына бейімделе алады.
Атом энергетикасында қауіпсіздік – ешқандай ымыраға жол бермейтін негізгі қағида. Сондықтан болашақ мамандарды даярлауда ядролық және радиациялық қауіпсіздік мәдениетіне, құрылыс сапасына, халықаралық стандарттарға және экологиялық жауапкершілікке ерекше мән берілуі тиіс. Бұл үшін бейінді ғылыми орталықтармен, энергетикалық кәсіпорындармен және техникалық университеттермен бірлескен бағдарламалар әзірлеп, студенттердің өндірістік практикадан өтуіне жағдай жасау қажет.
АЭС құрылысына отандық мамандарды, соның ішінде өз түлектерімізді қатыстыру – стратегиялық мәні бар міндет. Бұл жастарға жаңа кәсіби мүмкіндіктер ашып қана қоймай, еліміздің технологиялық және энергетикалық тәуелсіздігін нығайтады. Университетіміз құрылысшы, энергетик, ІТ маманы және инженерлерді бірлескен жобалар аясында даярлау арқылы осы ауқымды іске өзінің нақты үлесін қосуға дайын.
Дәурен КЕРІМБАЕВ,
Аймақтық инновациялық университетінің тәрбие
және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры.