Жеті жұртқа танылған Жетісай колледжі
Әр өңірде тарихы тереңнен сыр шертетін, кім-кімнің де көңіліне жақын қарашаңырақ ордалар бар. Жастарды білімге баулып, арнайы маман болып қалыптасуына алпыс жылдан бері қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан сондай оқу орындарының бірі ретінде Ғани Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжін айтуға болады.
Иә, зымырап өтіп бара жатқан күндер-ай десеңізші... Күні кеше ғана осы оқу орнының табалдырығын аттап, студенттік шағымыз басталған сияқты еді, одан бері де отыз жылдан астам уақыт өте шығыпты.
Сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының бел ортасында Мырзашөл өңіріндегі Жетісай қаласында қазақ жастарына арналып салынған білім ордасы, бүгіндегі Ғани Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжі биыл өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы жылдар бедерінде қаншама жастар сол білім ордасынан түлеп ұшып, еліміздің түкпір-түкпірінде өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп жүр. Колледж қабырғасында жүріп, білім көкжиегіне қол созған қаншама шәкірттер түрлі байқауларда бақ сынап, бүгінде ел мақтанышына айналды. Жергілікті жастардан бөлек Қызылорда, Жамбыл облыстарынан, тіпті, көршілес Өзбекстан Республикасынан келіп білім алған түлектер де аз емес. Өзім де осы оқу орнының қабырғасында білім ала жүріп шыңдалдым, зайыбым да аталған колледждің түлегі екенін мақтанышпен айтып жүреді. Студенттік күндерімізге көз жүгіртсек, небір қызықты сәттерді бастан кешкен екенбіз. Біріміз өз өнерімізді шыңдап, енді біріміз болашағымызды спортпен байланыстырып, қиялдарымызға қанат бітіретін едік. Бүгінде қандай да бір жетістіктерді бағындырған болсақ, соның бәрі осындағы тәрбиеші-ұстаздардың еңбегімен келгені анық.
Менің бағыма қарай, оқу орнын аяқтаған соң, сол білім ордасына комсомол комитетінің хатшысы болып қызмет істеу бұйырды. Төрт мыңға жуық студент, өнерлі, білімді, бейнелеп айтқанда, «кіл сен тұр, мен атайын» жастардың барлығы дерлік осы жерге шоғырланған-ау деп те ойлайтын едік. Оқу орнының ізденімпаз директоры Әбдіжалил Усманов та біздің бойымыздағы қабілетті жоғары бағалап, үнемі қанаттандырып жүретін. Ол кісінің бұл оқу орнына басшылық қызметке келгеніне көп бола қоймаған еді, екі жыл бұрын Жетісай аудандық партия комитетінен ауысып келген болатын.
Әбдіжалил Әтиярұлы ә дегеннен жастардың көшбасшылық қабілетін ұштау үшін оқу орнындағы студенттердің өзін-өзі басқару деңгейіне жеткізуді қолға алды. Бұл бастама көп өтпей-ақ өз жемісін бере бастады. Директор «болашақ педагогтер міндетті түрде кітап оқу керек, сонымен бірге өнер мен спортты қатар алып жүруі тиіс» деген талап қойды. «Өнер мен спортқа жаны жақын жастан ешқандай жамандық шықпайды» дегенді үнемі айтып жүретін. Шынында да, ертелі-кеш сабақ оқып, одан қалса түрлі өнер үйірмелеріне қатысып, спортпен шұғылданған жастардың тәртібі де, білімі де жақсара бастады. Оқытушылар құрамы сабақтан тыс мезгілде үйірмелерге жетекшілік жасады. Бұл оқытушылар мен студенттердің арасын бұрынғыдан да жақындатып, өзара пікір алмасатын, сыр ақтарып сырласатын деңгейге жеткізді. Директордың өзі де қолы қалт еткенде стадионнан табылып, ұжым мүшелерімен волейбол, баскетбол ойнайтын еді. Ізденімпаз басшымыз бәріне үлгере жүріп, педагогика саласы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. Кейіннен этнопедагогика бағыты бойынша докторлық диссертация қорғап, ұжымға үлгі бола білді.
Сол жылдары оқу орнының 35, 40 жылдық мерейтойлары жоғары деңгейде аталып өтті. Республикалық ғылыми-практикалық конференциялар өткізу арқылы Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Түркістан қалаларындағы жоғары оқу орындарының білікті мамандарымен әріптестік байланыс орнатты. Міне, сол үрдіс әлі де жалғасып келеді. Оқу ордасын 23 жыл басқарып, биік белестерден көрсете білген білікті басшы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжалил Әтиярұлы тірі болғанда биыл сексенге толар еді. Бірақ, өзі болмаса да оның тәрбиесін көрген ізбасар шәкірттері ұлағатты ұстаздарының шарапаты мен шапағатын еш ұмытқан емес. Колледждің 60 жылдығын атап өту барысында оны ширек ғасыр басқарып, артында өшпестей із қалдырған Әбдіжалил Усмановтың 80 жылдығын де ескерусіз қалдырмады. Өйткені, бұл оқу орны мен ол кісінің есімін бір-бірінен бөліп қарау мүмкін емес. Оның өнегелі өмірін, басшылық қабілетін, өнерлі, білімді жастардың жанашыры болғанын кеңінен насихаттау мақсатында 30 қазан күні аталған колледжде Түркістан облыстық білім басқармасының қолдауымен, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының атсалысуымен ауқымды іс-шаралар өтіп, спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Оған оқу орнының ардагер ұстаздары, Жетісай ауданының ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Салтанатты жиынды колледж директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Ляззат Баймаханова ашып, оқу ордасының кешегі тарихы, бүгінгі жетістіктері және оны ұзақ жыл басқарған Әбдіжалил Әтиярұлының еңбегі туралы баяндады.
Колледж ұжымы мен Әбдіжалил Усмановтың ұрпақтары тарапынан ұйымдастырылған волейбол жарысы да жоғары деңгейде өтті. Оған Сарыағаш, Шардара, Атакент, Мырзакент қалалары мен елді мекендерінен бірнеше команда қатысты.
Айтжан БЕРДАШЕВ,
«Түркістан облысының спортшылары мен спорт саласы қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы хатшысы, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері.