Жеміс те көп, су да жақсы үнемделді

Ажар БЕРМҰХАНОВА,
«Оңтүстік Қазақстан».

Қазығұрт ауданында бау-бақша  өнімдерін жинау науқаны күн сайын қарқын алып келеді. Ауданда былтыр  94578,4 гектар жер игерілсе, биыл 95071,7 гектар жерге түрлі дақыл егілген. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 493,3 гектарға артық деген сөз. Өткен жылмен салыстырғанда егістік көлемі 3420,9 гектарға, ал мақсары алқабы 7512,6 гектарға ұлғайды.

Ауданда су үнемдеу технологиясын 600 гектар жерге енгізу жоспарланса, бүгінде бұл көрсеткіш 616,49  гектар болып артығымен орындалды.   
Егістік алқапты тыңайтқыштармен  құнарландырып отыру – мол өнімнің кепілі. Осы мақсатта егістік алқаптарға 9744,7 тонна минералды тыңайтқыштар ендірілді. 
– Аудан диқандарына көктемгі дала жұмыстары үшін 5200 тонна жанар-жағармай қажеттілігі айқындалып, 132 шаруаның өтінімі қолдау тапты.  Былтыр аудан шаруалары көктемгі дала жұмыстарына 5002 тонна, күзгі дала жұмыстарына 2035 тонна жанар-жағармайды жеңілдетілген бағамен алған болатын. Жалпы, диқандар жанар-жағармайдан тапшылық көрмейді, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбай Қалдыгөзов. 
Қазығұрт ауданында 1531,5 гектар жеміс алқабы бар. Оның 1041,1 гектары алма, 62,4 гектары алмұрт,  96,5 гектары сары өрік, 65 гектары шие, 85 гектары тәтті шие, 138,4 гектары қара өрік, 43 гектары шабдалы,  385,9 гектары жүзімдік алқабы. Осы жеміс және жүзім алқаптарының 688 гектары қарқынды бау.  Егістік алқаптың басым көпшілігі тамшылатып суарылады.
Мәселен, Шарбұлақ ауылдық округіндегі «Бірлік» және «Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері  қарқынды бау өсірумен айналысады. Мұнда Голден Делишес, Ред Делишес, Гала, Фуйджи, Грени Смит секілді алма сорттары өсіріледі.
Қызылқия ауылдық округінде «Аsyl Agro group» ЖШС, «Аqniet Agro gardens» ЖШС, «Махіmus Food» ЖШС және Қақпақ ауылдық округіндегі «Азия жеміс» ЖШС аймаққа қарқынды бауымен танылып келеді.   
Аталған серіктестіктер былтыр 6285,5 тонна жеміс (оның ішінде 1830,5 тонна жүзім) жинап, өнімдерін Шымкент, Алматы, Астана қалаларында саудалады.

 Қазығұрт ауданы.

Пікір қалдырыңыз