Ескі Иқандағы ет өндірісі

Әтіргүл ТӘШІМ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Сауран ауданының Ескі Иқан ауылдық округінде бүгінде ет өндірісінің толық тізбегін қалыптастыруға бағытталған ірі жоба жүзеге асырылуда. «Түркістан ет өнімдері» ЖШС қолға алған кешен 5 мың ірі қараны бордақылауға, тәулігіне 120 мал союға және дайын өнімді талапқа сай сақтауға мүмкіндік бермек. Жоба ауыл кәсіпкерлерін бір ортаға топтастырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдегі ет өндірісінің көлемі мен сапасын арттыруға бағытталған.

Ескі Иқандағы мал бордақылау кешенінің жалпы құны 1 млрд. 300 млн. теңгені құрайды. Оның 800 млн. теңгесі кәсіп- орынның жеке қаражаты есебінен қарастырылған. Қалған 
500 млн. теңгеге жеңілдетілген несие алу үшін қажетті құжаттар әзірленіп жатыр. Жобаны 2025–2026 жылдар аралығында іске асыру жоспарланған. Кешен үшін 40 гектар жер телімі бөлінген. Қазір нысанда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. 
Өндірістің үздіксіз әрі қауіпсіз жұмыс істеуі үшін шикізат өнімдерін сақтайтын көлемі 1000 текше метр тоңазытқыш орнату көзделген. Мұндай сақтау жүйесі еттің сапасын жоғалтпай, өнімді өткізу үдерісін реттеуге мүмкіндік береді. Ал, тәулігіне 120 ірі қара союға есептелген алаң шаруашылықтардан қабылданған малды бір жерде өңдеп, дайын өнімді нарыққа жүйелі шығаруға жағдай жасайды.
Жобаның ауқымы бір кәсіп-орынның өндірістік алаңымен шектелмейді. Негізгі кешеннің жанынан «Муталиб агро» атты тағы бір ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бірнеше шағын мал бордақылау алаңын салып жатыр. Мұндағы құрылыс жұмыстарын облыс әкімі Нұралхан Көшеров аралап көріп, оң бағасын берген болатын. 
Кооператив мүшелерін «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаржыландыру үшін құжаттар ресімделуде. Бұл тәсіл ауыл тұрғындары мен шағын кәсіп иелеріне жеке-жеке күрделі инфрақұрылым салмай-ақ, ортақ өндірістік мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашады.
Мал бордақылау алаңдарының бір аумақта шоғырлануы жем-шөп жеткізу, ветеринарлық бақылау, малды қабылдау, сою, сақтау және тасымалдау жұмыстарын өзара үйлестіруге мүмкіндік береді. Ортақ инфрақұрылымды пайдалану өндірістік шығынды азайтып, шаруашылықтардың жұмысын жүйелеуге ықпал етеді. Сонымен қатар сервистік қызметтердің орталықтандырылуы кәсіпкерлерге қажетті көмекті бір жерден алуға жағдай туғызады.
Жобаның өндірістік тізбегі малды бордақылаудан бастап, сою мен сақтауға дейінгі бірнеше кезеңді қамтиды. Бұл өңірде өсірілген малды алысқа тасымалдамай, жергілікті жерде өңдеуге және оның қосылған құнын аудан аумағында қалдыруға мүмкіндік береді. Кешен толық қуатына шыққанда ет өнімдерін тұрақты көлемде дайындап, өткізу бағыттарын кеңейтуге негіз қаланады.
Кәсіпорын төлқұжатында негізгі кешенде 50 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Ал, мал бордақылау алаңдары мен оған іргелес өндірістік жобалар толық іске қосылған кезде тұрақты жұмыс орындарының жалпы саны 120 адамға дейін жетеді деп күтілуде. 
Бұл – ауыл тұрғындары үшін тұрақты табыс көзі ғана емес, мал шаруашылығы, ветеринария, тасымал, сақтау және қызмет көрсету салаларында жаңа мамандарға сұраныс қалыптасады деген сөз.
Жобаны жүзеге асыру міндеті «Түркістан ет өнімдері» ЖШС-нің директоры Мамирхан Муталибұлы Юлдашевтің мойнында. М.Юлдашев  2000–2018 жылдары Ескі Иқан ауылдық округі әкімшілігінде маман және бас маман болып қызмет атқарған. 2019 жылдан бері «Түркістан ет өнімдері» ЖШС-не жетекшілік етеді және «М. Юлдашев атындағы спорт мектебі» ЖШС-нің құрылтайшысы.
Ескі Иқандағы осынау бастама толық жүзеге асса, ауылдағы мал шаруашылығын жеке қожалықтар деңгейінен жүйелі өндіріс сатысына көтеруге ықпал етуі мүмкін. Бір жерде шоғырланған бордақылау алаңдары, заманауи сою бекеті, тоңазытқыш қойма және ортақ сервистік қызметтер ауыл кәсіпкерлерінің мүмкіндігін кеңейтеді. Ең бастысы, жергілікті шикізатты жергілікті жерде өңдейтін бұл жоба Сауран ауданындағы экономикалық белсенділікті арттырып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға негіз болмақ.
Пікір қалдырыңыз