Сапаға мән беруді тапсырды
Созақ ауданында елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қаратау ауылдық округіне қарасты Бақырлы елді мекеніне барып, ауылда жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты.
Бүгінде елді мекендегі жалпы ұзындығы 4,36 шақырымды құрайтын 6 көшеге асфальт төселген. Аудан әкімі жаңартылған көшелерді аралап, жол құрылысының сапасын тексерді. Осы ретте жауапты мамандарға атқарылған жұмыстардың сапасын қатаң бақылауда ұстап, құрылыс барысында белгіленген талаптардың толық сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ, аудан әкімі ауылдағы ветеринариялық пункттің құрылысымен танысып, нысанның сапалы әрі бекітілген талаптарға сәйкес салынуы қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес ұйымы – «Волковгеология» АҚ демеушілігімен қазылып жатқан ұңғыма құдықтарды аралап көрді. Сонымен қатар «Ауыл құтқарушысы» жобасы аясында ашылған өрт сөндіру бекетінің қызметімен танысты.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша аудан әкімі жауапты сала мамандарына қолға алынған әрбір жобаның жүзеге асырылу барысын жіті бақылап, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына баса мән беруді тапсырды.
Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.