Ордабасыда құс фабрикасы салынуда
Ордабасы ауданында құс шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Таяуда аудан әкімі Азат Оралбаев Шұбар ауылдық округінде салынып жатқан «Ordabasy Eggs» құс шаруашылығы кешенінің құрылыс барысымен танысты.
Жалпы құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын кешен құрылысын салуды кәсіпкер Жүнісхан Сансызбаев қолға алған. 5,4 гектар аумақты қамтитын өндірістік кешеннің құрылысын келер жылы аяқтау жоспарланған. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істегенде мұнда 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жобаның бірінші кезеңінде 20 мың құсқа арналған нысан іске қосылады. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, қосымша ғимараттар салу көзделген.
Өндіріс орны заманауи технологиялармен және автоматтандырылған жүйелермен жабдықталмақ. Атап айтқанда, құстарды азықтандыру, жұмыртқа жинау және тазалау процестері арнайы құрылғылар арқылы жүзеге асырылады. Қажетті құрал-жабдықтар жеткізіліп, қазіргі таңда оларды құрастыру және орнату жұмыстары атқарылуда.
Кәсіпкер өндірісті жабдықтау үшін құс шаруашылығы саласында мол тәжірибесі бар қытайлық «LIVI» компаниясының технологияларын таңдаған. Компания мамандары өндірістік кешенді жобалау, қажетті жабдықтарды жеткізу және орнатумен қатар, жергілікті қызметкерлерді автоматтандырылған жүйелерді басқаруға үйретеді.
Аудан әкімі құрылыс жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, өндірісті іске қосу кезеңдеріне қатысты жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Жаңа кәсіпорын ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға үлес қоспақ.