Жоба жеңімпаздары марапатталды

Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында әзірленген «Сақшы» профилактикалық жобасының қорытынды жиыны өтті. 

Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің превенция және талдау әзірлемелері департаментінің басшысы Дәурен Райымқұлов, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Сабырғали Балғалиев, құқық қорғау органдары мен білім саласының өкілдері, ұстаздар, ата-аналар және жастар қатысты. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындады. Осы орайда заңға құрмет отбасыдан басталып, мектепте жалғасып, қоғамдағы күнделікті қарым-қатынаста көрініс табуы тиіс. Түркістан облысында аталған бағытта кешенді жұмыстар жүргізілуде. Соның жарқын үлгісі – Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Сақшы» инновациялық профилактикалық жобасы. Аталған жобада қаржылық қауіпсіздік, интернет-алаяқтықтан сақтану, құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері кеңінен қамтылған.
Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі жастар арасында заңға құрмет пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
– Бүгінгі таңда ерекше назар аударуды қажет ететін өзекті мәселелердің бірі – жасөспірімдер мен жастар арасында буллинг фактілерінің алдын алу. Өмірде түрлі қиындықтар мен кедергілер кездеседі. Бірақ соларға мойымай, алға ұмтылу маңызды. Біз жастар арасында өзара сыйластықты, бір-біріне қолдау көрсету мен құрмет мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Білімге ұмтылмай, тәртіп бұзу мен бұзақылыққа бой алдыру – болашаққа балта шабумен тең. Мұндай жағымсыз әрекеттер ата-аналарыңның үмітін үзетін, олардың жүрегін жаралайтын іс. Сондықтан заң мен тәртіпті сақтап, ғылымға, өнерге, спортқа ұмтылыңыздар! Бүгінгі байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыс тілеймін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Іс-шараны өткізуге Түркістан облысы әкімдігі мен облыстық білім басқармасы қолдау көрсетті. 
Жоба негізінде ұйымдастырылған интер­активті ойын мен әлеуметтік бейнероликтер байқауында төрт санат бойынша 12 жүлдегер анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ бейнероликтерді әзірлеуге атсалысқан 150 оқушыға алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз