Қожатоғайда Орта Азиядағы ең ірі кешен салынады

Қожатоғай ауылдық округінде (Арыс ауданы) жаңа мал бордақылау кешені ашылды. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, облыс әкімі Нұралхан Көшеров, сондай-ақ жергілікті тұрғындар да маңызды жобаның іске қосылуына куә болды. Жылына 50 мың ірі қара бордақылауға қауқарлы нысан – Орталық Азиядағы ең ірі кешен болып саналады.
Нысанды «Қайып Ата» компаниялар тобына кіретін «Түркістан Агро KZ» ЖШС салды. Кешен мал азықтық дақылдарды өсіруден бастап ірі қара бордақылау, сою, етті өңдеу және дайын өнімді өткізуге дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды.
Жаңа кешенде жылына 15 мың тоннаға дейін ет өндіруге мүмкіндік бар. Компаниялар тобының құрамында жылына 7,2 мың тонна өнім шығаратын ет өңдеу кәсіпорны мен қуаттылығы 46 мың тонналық құрама жем зауыты жұмыс істейді. Сонымен қатар 1,4 мың гектар алқапта жаңбырлатып суару технологиясын қолдана отырып, мал азықтық дақылдар өсіру және 12 мың ірі қараға арналған заманауи мал биржасын салу жобалары жүзеге асырылуда.
Пікір қалдырыңыз