Тараздан табысты оралды

Тараз қаласында бокстан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты аяқталды. Елдің үздік былғары қолғап шеберлері қатысқан дүбірлі додада Түркістан облысының спортшылары жоғары нәтиже көрсетті. Чемпионат қорытындысында өңірдің былғары қолғап шеберлері 2 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтады.
Ерлер арасындағы бәсекеде Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (65 келі), Аман Қонысбеков (75 келі) және Сағындық Тоғамбай (90 келі) күміс жүлдегер атанса, Нұрлан Сапарбай (+90 келі) қола жүлдеге қол жеткізді. Ал, әйелдер арасындағы сында Ұлжан Сәрсенбек (57 келі) пен Шұғыла Нәлібай (75 келі) топ жарып, ел чемпионы атанды. Сондай-ақ, Аружан Жаңабаева (70 келі) күміс жүлде еншілесе, Айым Тәңкібаева (48 келі) қола медаль иеленді.
Ел чемпионатында биік белестен көрініп, үздік нәтиже көрсеткен спортшыларды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Кездесу барысында басқарма басшысы былғары қолғап шеберлерін жарқын жетістіктерімен құттықтап, олардың табанды еңбегі мен жоғары спорттық шеберлігін атап өтті. Сондай-ақ, алдағы халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, жаңа биіктерді бағындыруларына сәттілік тіледі.
Пікір қалдырыңыз