Алдағы міндеттер айқындалды
Түркістан облысында жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, ел алдындағы жауапкершілігін нығайту және әскери қызметтің маңызын насихаттау жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Өңір халқының 33 пайызын жастар құрайтынын ескерсек, бұл мәселенің маңызы айрықша.
Өңірде 70 мыңға жуық жас «Жас айбын» әскери-патриоттық клубтарына тіркелген. Сонымен қатар 980-нен астам үйірме жұмыс істейді. Жыл басынан бері осы бағытта 158 іс-шара ұйымдастырылып, оған 16 774 жас қамтылды. «Айбын», «Жас сарбаз», «Ерлік сабақтары», «Біз жауынгер» секілді жарыстар мен жиындар тұрақты өткізіліп келеді. Сондай-ақ мектептер мен колледждерде «Өзін-өзі басқару», «Жас сарбаз», «Жастар рухы» секілді 700-ге жуық ұйым құрылған.
Жақында, «Адал азамат» тұжырымдамасы негізінде «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесін дамыту және бастапқы әскери даярлық сапасын жақсарту мақсатында Түркістан қаласында «Рухы берік ұрпақ – жеңісі биік өңір» атты облыстық семинар өтті. Жиында жастардың бойында патриоттық сана, адамгершілік қасиет, тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыру, әскери борышқа адалдықты дәріптеу және саладағы мекемелердің өзара байланысын нығайту мәселелері талқыланды.
Семинар аясында облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығы, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент, облыстық қоғамдық даму басқармасының Жастар ресурстық орталығы және республикалық «Жас сарбаз» қозғалысының Түркістан облыстық филиалы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ «Біртұтас ұлт – біртұтас әскер» бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2027 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді. Құжаттар жастар арасында отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеу, әскери қызметтің беделін арттыру және әскери-техникалық даярлықты дамытуға бағытталған.
Жиында спорттың жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі де атап өтілді. «Ұлттық мектеп лигасының» облыстық кезеңіне 17 аудан мен қаладан 3 144 оқушы қатысып, оның 1224-і жүлдегер атанған. Республикалық кезеңде Түркістан облысының командалары 7 алтын, 8 күміс, 7 қола медаль иеленіп, жалпы 22 кубокпен республика бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Семинарда атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер айқындалды. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, тәрбие жұмысының сапасын жақсарту және мекемелер арасындағы байланысты күшейту мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ әскери-патриоттық тәрбиеге үлес қосқан үздік жетекшілер мен ұйымдастырушылар марапатталды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.