Мырзашөл ақын ұлын еске алды
Таяуда Мақтаарал ауданында талантты ақын, композитор, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, марқұм Бекжан Әшірбаевтың соңында қалған мол рухани мұрасын насихаттауға арналған тағлымды әдеби-сазды еске алу кеші өтті.
Шараға аудан басшылығы, зиялы қауым өкілдері, белгілі ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, әріптестері, достары, шәкірттері мен туған-туыстары қатысып, қазақ әдебиеті мен журналистикасына өлшеусіз үлес қосқан азаматтың өмір жолы мен шығармашылығы туралы сөз қозғады.
Әдеби кеште аудан әкімі Бақыт Асанов сөз сөйлеп, Бекжан Әшірбаевтың ел руханиятындағы орнына тоқталды.
– Бекжанның отбасы мен жақындары үшін де, оқырмандары үшін де орны толмас қайғы. Дегенмен, адамның ғұмыры өмір сүрген жылдарымен емес, елге сіңірген еңбегімен, артында қалдырған асыл мұрасымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Бекжанның өмір жолы – өнегеге толы ғұмыр, – деді аудан әкімі.
Бекжан Төребекұлы Әшірбаев 1974 жылы Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Жастайынан сөз өнерімен дерттеніп, ақындық жолға ерте бет бұрды. 1989 жылдан бастап республикалық ақындар айтысына қатысып, өзінің терең ойымен, ұтқыр сөзімен, тапқырлығымен танылды. Оның айтыстағы елдік, ұлттық мәселелерді қозғайтын ойлы толғамдары тыңдарманның ықыласына бөленді.
Бекжан Әшірбаев журналистика саласында да өзіндік мәнерімен ерекшеленді. Әр жылдары «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы, «Azamat.kz», «Жас қазақ үні», «Қазақ әдебиеті» басылымдары бас редакторының орынбасары, «Ел мен Жер» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. Сонымен қатар «Заң» басылымында басшылық қызмет атқарып, отандық баспасөздің дамуына елеулі үлес қосты. Қаламгердің публицистикалық еңбектерінен ел өмірі, қоғам, ұлттық құндылықтар мен адам тағдырына деген азаматтық көзқарасы анық байқалады. Ақынның шығармашылық мұрасы да ауқымды. Оның өлеңдері республикалық әдеби басылымдарда тұрақты жарияланып, бірнеше жыр жинағы оқырманға жол тартты. 2008 жылы «Жазушы» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Қоңыр әуен» атты жыр жинағы ақынның поэзия әлеміндегі өзіндік болмысын танытқан маңызды еңбектерінің бірі болды.
2024 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Айбергенов атындағы сағыныш» кітабы ақын шығармашылығының жаңа белесін танытты. Осы еңбегі үшін Бекжан Әшірбаев халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды.
Тағлымды кеште Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының жас өнерпаздары ақынның шығармашылығы негізінде сахналық композиция ұсынды. Бекжанның әндері шырқалып, аудандық білім бөліміне қарасты шығармашылық орталығының дарынды оқушылары өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Тағлымды кеште белгілі қаламгерлер Темірғали Көпбаев, Мұхтар Құралұлы, Ермахан Әбдіраман, Сәкен Сыбанбай ақынға арнаған жырларын оқып, оның өмірі мен шығармашылығына қатысты естеліктерін ортаға салды.
Есімдері елге белгілі айтыскер ақындар Бекарыс Шойбеков, Тұрар Тілеулиев және Еркебұлан Қайназаров домбырамен жыр төкті. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, эстрада жұлдызы Саят Медеуов Бекжан Әшірбаевтың әндерін орындады.
Жиын соңында Бекжан Әшірбаевтың анасы Ұлбике апай тағлымды шара ұйымдастырғаны үшін аудан әкімдігіне, ақын ұлының достарына және еске алу кешіне арнайы қатысып, құрмет көрсеткен барша азаматтарға алғысын білдірді.
С.ҚАЛДЫБАЕВ.
Мақтаарал ауданы.