Антальяда Түркістанның даму жоспары таныстырылды
Түркияның Анталья қаласында БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі 31-конференциясы (COP31) шеңберінде дүние жүзі мемлекеттерінің басшылары бас қосып, жаһандық экологиялық басымдықтарды талқылады. COP31 конференциясына БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясына (UNFCCC) мүше 196-ға жуық ел мен Еуропалық Одақ өкілдері қатысуда.
Аталған халықаралық жиынға Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан делегациясы арнайы барды.
Конференция аясында Түркістан өңірінің климаттық ахуалы мен экологиялық бастамалары туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков баяндама жасап, өзекті мәселелерді көтерді.
«Түркістан – ғасырлар қойнауынан сыр шертетін, бүгінде заманауи өңірлік орталық ретінде қарқынды дамып келе жатқан қала. Біздің басты міндетіміз — оның бірегей мәдени мұрасын сақтай отырып, климаттың өзгеруіне төзімді әрі жайлы қалалық орта қалыптастыру. 2026 жылғы 30 сәуірде бекітілген Түркістанның жаңа Бас жоспары экологиялық және әлеуметтік қажеттіліктерді ескере отырып, қала инфрақұрылымын дамыту перспективаларын айқындайды. Басым бағыттардың бірі ретінде біз «Жасыл Түркістан» тұжырымдамасын іске асыруды ұсынамыз. Ол жасыл дәліздер мен көлеңкелі жаяу жүргіншілер бағыттарын құруды, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруды және су үнемдейтін суару жүйелерін кеңінен қолдануды көздейді. Бұл ретте заманауи инфрақұрылым қаланың тарихи келбетімен, ең алдымен Қожа Ахмет Ясауидің бірегей мұрасымен үйлесімді ұштасуы тиіс» деген Нұрбол Әбдісаттарұлы халықаралық әріптестермен ынтымақтастық орнатуға ашық және ортақ бастамаларды нақты нәтижелерге айналдыруға дайын екендігін жеткізді.
Айта кетейік, конференцияның 31-ші сессиясы аясында қазақстандық делегация жаңартылатын энергияны дамыту және газ инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жалпы құны шамамен $1,2 миллиардты құрайтын бірқатар келісімге қол қойды. Құжаттар Түркістан облысында қуаты 150 МВт және Қостанай облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансаларын салуды, сондай-ақ деректерді қашықтықтан беретін
1,35 млн. интеллектуалды газ есептегіштерін орнату бойынша Aqyl Energy жобасын жүзеге асыруды көздейді. Бұдан бөлек, қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі құжаттарға қол қойылды.