Есірткіге қарсы күрес:
Түркістан облысында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Есірткісіз болашақ» атты нашақорлыққа қарсы форум өтті. Ауқымды іс-шара облыс көлемінде ұйымдастырылған онкүндік профилактикалық жұмыстың қорытындысына арналды.
Форумға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Абай Жүсіпов, ҚР Құрылтайының депутаты Гүлісхан Нахбаева, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Qazaqstan Team» республикалық қоғамдық жастар бірлестігінің жетекшісі Олжас Сүлеймен, «Жайдарман» жобасының жетекшісі Есен Елеукен, сондай-ақ прокуратура, сот, полиция және өзге де құзырлы органдардың өкілдері мен жастар қатысты.
Форум қонақтарын полициядағы робот ит арнайы қарсы алды. Дронның көмегімен аумақты бақылау және құқық бұзушылықтарды анықтау мүмкіндіктері көрсетілді. Сонымен қатар қызметтік иттердің көмегімен жасырылған есірткі заттарын табу, арнайы жасақ қызметкерлерінің күдіктіні ұстау кезіндегі тактикалық әдіс-тәсілдері көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан кейін қонақтар «Жас сақшы» сыныбы оқушыларының сурет, қолөнер көрмелерімен танысып, полицияның техникалық жабдықтарын, тақырыптық бейнематериалдарын тамашалады.
Форумның ресми бөлімінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров есірткіге қарсы күресте қоғам мен мемлекеттік органдардың бірігуі керектігін атап өтті.
Ал, облыстық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров өз сөзінде Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатының маңыздылығына тоқталып, есірткі қылмысына қарсы күресте полицияның жүйелі жұмысы мен қоғамның бірлескен әрекеті шешуші рөл атқаратынын жеткізді. Ол ұстаздар мен ата-аналарды жасөспірімдердің тәрбиесіне бей-жай қарамауға шақырып, жастарды оңай табысқа қызықпай, білім мен адал еңбекке ұмтылуға үндеді.
Форумның спикерлер алаңында қатысушылар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, саналы таңдау жасау, азаматтық белсенділігін арттыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және есірткіге қарсы көзқарасты нығайту мәселелерін талқылады.