Дала мен бала жанын астастырған

Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Сайын Мұратбековтің туғанына 90 жыл толып отыр. Қаламгер шығармаларының ішінде дала мен бала жанын нәзік сезіммен астастыра суреттеген «Жусан иісі» әңгімесінің орны ерекше. 

«Жусан иісі» әңгімесі «Жабайы алма» повесімен үндеседі. Әңгіменің атауынан-ақ туған далаға деген іңкәрлік сезіледі. Жусанның аңқыған иісі тынысыңды ашып, ұлы даланың құдіретін сезіндіреді. Қақаған қыста қамкөңіл жетім Аян үшін де жусан иісі жүрегін жылытатын, сағынышын басатын жұбанышқа айналады.
Балалық шақтары соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген ұрпақ өмірдің де, адамның да қадірін ерте түсінді. Соғыс ата-анадан, туған-туыстан айырылудың қасіретін сездірді. Жазушы осы ауыр кезеңді бала жүрегі арқылы бейнелейді. Қаламгерлердің шеберлігі – балғын көңілдегі үміт пен арманды, балаға тән тазалықты нанымды жеткізуінде.
Аян айтатын ертегілер балаларға күнделікті қиындықты ұмыттырып, оларды жігерлендіреді. Ауыл балаларының оны айналшықтап, ертегі тыңдауы да бекер емес. Ертегі олардың көңілдеріне үміт ұялатып, қиялдарына қанат бітіреді. Әңгіме басында аяғы сап-сау, ширақ баланың соңында біржола ақсап қалуы соғыстың жас ұрпақтың тағдырына да балта шапқанын аңғартады.
«Аян батырлық туралы ертегіні айтқанда біз алым-жұлым киінген қара борбай балалар жадау қалпымызды ұмытып, шетімізден көк семсерді жарқ-жұрқ еткізіп, ат ойнақтатып, жауға қарсы арыстанша ақыра шабатын нағыз қас батырдай сезінетін едік өзімізді» дейді лирикалық кейіпкер. Ертегіге еліткен балалардың фашистермен шайқасуды армандауы олардың бала қиялын ғана емес, заманның ауыртпалығын да аңғартады. Жазушы мифтік бейнелер арқылы балалардың қорқынышы мен батырлыққа деген құштарлығын шынайы суреттейді.
Оқиғаның далада өтуі де шығарманың ұлттық сипатын тереңдете түседі. Дала көрінісі кейіпкерлердің жан дүниесімен астасып, қазақы болмысты айқындайды. Зерек, алғыр әрі сезімтал Аянның бейнесі туған жердің табиғатымен астаса ашылады. Осы арқылы жазушы ұлттық таным мен дала рухын көркем кестелейді.
Әңгімеде лиризм мен психологизм шебер ұштасқан. Аянның жан дүниесі, ішкі сезім арпалысы мен мөлдір мұңы нәзік суреттеледі. Оның жалғыз жұбанышы – соғысқа кеткен ағасының пальтосына сіңген жусан иісі. Аянның: «Түнде жатарда ағамның пальтосын басыма жастап, көпке дейін иісін иіскеп жатқам. Ағамның иісі сіңіп қапты. Бір түрлі жусанның иісі сияқты жақсы иіс» деген лебізі сағыныштың күйін шертетіндей. Шолақ қол бригадирден соққы жеп, бүрісіп жатқан Аян үшін ағасының пальтосы рухани тірекке айналады. Ол пальтоның жағасын құшырлана иіскеп, ағасына деген аңсарын басады. «Тез іліп қой, әйтпесе ұрсады» деген сөзінен баланың өз жұбанышын жоғалтып алудан қорқатыны байқалады. Жусан иісі оған ағасы  дәл жанында жүргендей сезім сыйлайды.
Аянның «Ағам келеді ғой жақында әлі. Сонда көрсетеді Тұржанға...» деген үміті жүректі шым еткізеді. Ол аяғын ағасы келгенде емдететінін айтып, бауырының оралуын күтеді. Алайда, оған тағдырдың тағы бір соққысы дайын тұр еді. Ағасынан «қаза тапты» деген «қара қағаз» келгенде, Аян қайғысын балаларға көрсетпей, қораға кіріп жылайды. Содан соң сыртқа ыржиып шыға келеді. Бұл әрекет оның қайғыны ішіне бүккенін, басқаларға әлсіз көрінбеуге тырысқанын аңғартады. Бұл жердегі баланың үнсіз төзімі – соғыс әкелген қасіреттің бір көрінісі.
Жазушы табиғатын суреттеу арқылы да кейіпкерінің жай-күйінен хабар беруге тырысады. «Ызғырық жел онан сайын суытып, қар ұшқындай бастады. Тұтасқан қап-қара аспан тұншықтыра салардай боп ауыл үстін тұмшалап тұр». Бұл көрініс балалар темекісінен өрт шығып, Тұржаннан таяқ жеген Аянның басына төнген қатерді сездіреді. Ал, құз жақтан соққан суық желдің бірде сыңсып, бірде ұлығандай естілуі көңілдегі үрей мен мұңды күшейте түседі. Осылай Сайын Мұратбеков прозасында табиғат кейіпкер сезімін жеткізетін көркемдік құралға айналады.
Аян айтқан ертегілердің әсері лирикалық кейіпкердің есейген шағында да ұмытылмайды. Ешкіөлмес шоқысы оған жалғыз көзді дәуді елестетеді. Ал, жазға салым Жусантөбе жақтан қоңыр салқын самал соғып, жусанның ашқылтым иісі аңқығанда, есіне қайтадан Аян түседі. 
«Жусан иісі» – соғыс қасіретін бала тағдыры арқылы суреттеген шығарма. Онда жусан иісі туған жерге деген сүйіспеншіліктің, бауырға деген сағыныштың және үзілмеген үміттің символы ретінде көрінеді. Дала мен бала жанын үндестіре, астастыра суреттеген «Жусан иісі» кез келген жастағы оқырманды тереңіне бойлатып, жүрегіне сағыныш ұялатады. Жусанның аңқыған иісі арқылы балалық шақтың мұңы мен үмітін, соғыс салған жара мен туған жерге деген сағынышты сезіндіреді. Осылай жазушы адам жанының нәзік иірімдерін табиғатпен астастыра отырып, оқырманға терең ой салады.

Жадыра ОРАЗАЛИЕВА, 
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының 
ғалым хатшысы.

Пікір қалдырыңыз