Ашық құдықтар: Балалардың өміріне төнген қатерге кім жауап береді?
Инженерлік-коммуналдық желілердің
қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ашық қалған құдықтар мәселесін шешу халықтың
өмірі мен денсаулығын қорғауға тікелей қатысты маңызды міндеттердің бірі.
Еліміздің бірқатар өңірінде құдық қақпақтарының болмауы, инженерлік нысандардың
қараусыз қалуы және олардың қауіпсіздігіне жауапты ұйымдардың нақты
айқындалмауы азаматтардың, әсіресе балалардың өміріне қауіп төндіріп отыр. Осы
мәселенің өзектілігін ескере отырып, Құрылтай депутаты Нұрсадық Ергешбек
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың атына
депутаттық сауал жолдап, инженерлік инфрақұрылым қауіпсіздігін күшейтуге
бағытталған нақты ұсыныстарын жеткізді.
Депутат келтірген деректер мәселенің
қаншалықты күрделі екенін аңғартады. БАҚ мониторингінің мәліметтері бойынша,
тек 2026 жылы балалардың ашық құдықтарға құлауының жеті жағдайы тіркелген. Ішкі
істер министрлігінің дерегіне сәйкес, анықталған ашық люктер саны 2021 жылы 126
болса, 2025 жылы 356-ға жеткен. Ал 2026 жылдың тоғыз айында осыған байланысты
тағы 276 әкімшілік іс тіркелген. Бұған қоса, елімізде инженерлік құдықтардың
бірыңғай цифрлық есебі жоқ. Соның салдарынан бірқатар нысанның иесі мен
қауіпсіздігіне жауапты тұлғаларды анықтау қиындық туғызады. Иесіз қалған
құдықтар мен металл қақпақтардың ұрлануы да жағдайды ушықтырып отыр.
Қолданыстағы абаттандыру қағидалары қауіпті аумақты бір сағат ішінде қоршауды,
ал қақпақты бес сағатқа дейінгі мерзімде ауыстыруды көздейді. Алайда бұл
талаптардың орындалуын бақылау мен жедел әрекет ету тетіктері жеткілікті
деңгейде қамтамасыз етілмесе, белгіленген мерзімдердің өзі қауіптің алдын алуға
кепіл бола алмайды.
Осыған байланысты Нұрсадық Ергешбек
депутаттық сауалда бірқатар нақты ұсыныс көтерді. Атап айтқанда, меншік иесі
мен жауапты ұйымы көрсетілген инженерлік құдықтардың бірыңғай цифрлық тізілімін
жасау, қараусыз қалған нысандарды мамандандырылған ұйымдардың жауапкершілігіне
беру, қауіпті аумақтарды бір сағат ішінде қоршау және балалар мекемелерінің
маңындағы құдық қақпақтарын екі сағат ішінде ауыстыру ұсынылды. Сондай-ақ
тәуекелі жоғары құдықтарды қорғаныс торлары мен датчиктермен жабдықтау, ұрлық
жиі орын алатын аумақтарда металл қақпақтарды композиттік қақпақтарға
алмастыру, металл сынықтарын қабылдау орындарына бақылауды күшейту және
ұрланған қақпақтарды өткізу әрекеттері туралы полицияға жедел хабарлау
қажеттігі айтылды. Бұдан бөлек, жарақаттану, ұрлық фактілері мен оларды жою
мерзімдерінің бірыңғай есебін енгізіп, бүкіл ел көлемінде «Қауіпсіз құдық»
науқанын іске қосу ұсынылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
биылғы Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға, инфрақұрылым
сапасы мен халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға басымдық
берді. Сондықтан инженерлік желілердің қауіпсіздігі тек коммуналдық
қызметтердің шаруасы емес, мемлекеттік деңгейде шешілуге тиіс маңызды мәселе.
Ең бастысы, қайғылы оқиға орын алғаннан кейін жауапты іздемей, оның алдын
алатын жүйе қалыптастыру қажет. Өйткені бір ғана ашық құдықтың өзі адам өміріне
қауіп төндіруі мүмкін. Ал адам өмірінің қауіпсіздігінен маңызды міндет жоқ.
«ОҢТҮСТІК»-АҚПАРАТ.