Шеберлік шекара талғамайды
Мәдина МӘДІ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Жуырда Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында хирургиялық пәндер бойынша IV халықаралық олимпиада өтті. Үш күнге созылған білім додасы болашақ дәрігерлердің кәсіби даярлығын сынап қана қоймай, тәжірибе алмасуына, халықаралық байланыстарын нығайтуына жол ашты. Білім бәйгесінде Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген 14 команда бақ сынады.
Олимпиаданың ашылу салтанатында академияның клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры Бекайдар Нұрмашев, ғылыми және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Нұрлан Аукенов, тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Ербол Сәлім сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Нейрохирургия, кардиохирургия және басқа да хирургиялық бағыттар бойынша ұйымдастырылған практикалық тапсырмалар қатысушылардың білімі мен машығын ұштастыруға мүмкіндік берсе, жүрек пен бүйрекке жасалатын оталарға қатысты сынақтар күрделі медициналық міндеттерді орындауға даярлықтарын байқатты.
Үш күндік сайыстың қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар арнайы жүлделермен марапатталды. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ректоры Жанна Сейітжанова сайысқа қатысушы жоғары оқу орындарының басшыларына, оқытушылар мен студенттерге алғыс білдірді.