«Жарқын бейне – жауһар жыр»
Сарыағаш төрінде бабадан қалған асыл мұра – айтыс өнері қайта жаңғырып, белгілі айтыскер ақын Жарқынбек Наушабековтің рухына арналған «Жарқын бейне – жауһар жыр» атты жыр додасы өтті. Сөз өнеріне сүбелі үлес қосқан ақынның есімін ұлықтаған бұл іс-шара өнерсүйер қауымға рухани серпіліс сыйлады.
Жыр додасының ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Абдуллаев қатысып, айтыскерлерге сәттілік тіледі. Сахнада танымал сөз шеберлері мен облыстың жас ақындары бақ сынады. Айтыс барысында құрдастар арасындағы жарасымды әзіл, аға мен ініге тән сыйластық, жастық жігер мен елдік мәселелер кеңінен көрініс тапты.
Айтыс қорытындысы бойынша бас жүлде Сарыағаш қаласының ақыны Нұрғали Әнапияға бұйырды. І орынды Арқалық қаласынан келген Айбек Қалиев иеленді. Түркістандық белгілі ақын Бекарыс Шойбеков ІІ орынға лайық деп танылды. Ал, ІІІ орын Мейрамбек Сұлтанханға (Қызылорда облысы), Шұғайып Сезімханға (Алматы қаласы), Аян Ниязбек пен Нұрлыбек Мейірмановқа (Шымкент қаласы) берілді.
Сөз сайысына қатысқан барлық ақынға арнайы жүлделер табысталды. Жарқынбек Наушабековтің есімін ұлықтаған бұл кездесу айтыс өнерінің қадір-қасиетін танытып, ақын мұрасының ұрпақ жадында жаңғыра беретінін көрсетті.
Гүлдана АЙХОДЖАЕВА.
Сарыағаш ауданы.