«Халықтық құрылыс» - ауқымды жоба
«Сондықтан мен келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынамын. Осы жылдың аясында әр облыс орталығында, аудандарда, тіпті елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салуға және жөндеуге кірісуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы республика халқына арнаған «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Жолдауында.
Демек, енді еліміз ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Құрылыс қай кезеңде болсын экономиканың локомативі. Ол қоғамды алға сүйрейді. Зәулім тұрғын үйлер мен әлеуметтік мәдени мақсаттағы нысандар бой көтереді. Шаһардың ажарын ашады, сәулеттендіре түседі. Сәулетті ғимараттар еліміздің әлеуетін аңғартады. Менің мамандығым — құрылысшы. Сондықтан бұл саланың нарқын да, парқын да білемін.
Президент үлкен құрылыс қозғалысына
«Халықтық құрылыс» деген атау беруді ұсынды. Меніңше, бұл – экономика мен
инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған стратегиялық міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы
өңірлердегі құрылыс жұмыстарын жоспарлау кезінде тұрғындардың нақты
қажеттіліктерін ескерудің маңыздылығына тоқталды. Осыған байланысты
облыстардағы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына
деген сұранысты жан-жақты зерттеп, талдау жұмыстарын жедел аяқтау қажеттігін
айтты. Мемлекет басшысы «Халықтық құрылыс» бағдарламасын елдегі ең ірі
инфрақұрылымдық жобалардың бірі ретінде атады. Атап айтқанда, бастама аясында
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға қомақты қаржы бөліп, елді
мекендерге газ бен таза ауыз су жеткізу көзделген. Сонымен қатар, жоба жүз
мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Үкімет жыл аяғына дейін
нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлеп, барлық өңірді қамтуды жоспарлап
отыр.
Жалпы, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы
азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық
экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен
инфрақұрылымдық жоба болмақ.
Өстемір
ТІЛЕГЕНҰЛЫ,