Елдегі ірі зауыттардың бірі Созақта салынады

Бүгінде өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтіп, минералды шикізат қорын тиімді игеруге бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Sinopec» компаниясының вице-президенті Чжан Чжансинмен кездесіп, Созақ ауданында жүзеге асырылып жатқан фосфоритті руданы терең өңдейтін заманауи зауыттың қазіргі жағдайы мен алдағы жұмыс жоспарын талқылады. Құны 150 млрд. теңгені құрайтын жобаны «Созақ Фосфат» ЖШС жүзеге асыруда. Кәсіпорын фосфоритті руданы өндіру, байыту және терең өңдеуді қамтитын толық өндірістік кешен құруды көздейді.

Зауыт іске қосылғаннан кейін онда жылына 2 млн. тонна фосфатты руда байытылып, 1,6 млн. тонна күкірт қышқылы, 600 мың тонна фосфор қышқылы, 600 мың тонна диаммоний фосфаты (DAP), 600 мың тонна моноаммоний фосфаты (MAP) және 350 мың тонна синтетикалық аммиак өндіріледі. Өнімдер ішкі нарыққа жеткізілумен қатар, Қытай, Үндістан және жақын шетел мемлекеттеріне де экспортталады.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жобаның маңызына тоқталды.

– Созақ ауданында іске асырылып жатқан фосфоритті руданы қайта өңдеу зауыты – еліміздің өнеркәсіптік және экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызы зор ірі жобалардың бірі. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартып, өндірістік әлеуетті күшейтуге және ел экономикасының дамуына мүмкіндік береді. Сондықтан зауыт құрылысының белгіленген мерзімде және халықаралық стандарттарға сай жүргізілуі аса маңызды. Компания құрылыс сапасына, өндірістік қауіпсіздік пен экологиялық талаптардың сақталуына ерекше назар аударады деп сенеміз. Біз өз тарапымыздан жобаның табысты жүзеге асуына қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Жоба «Индустрияландыру картасына» енгізілген. Мемлекеттік қорлар комиссиясының қорытындысына сәйкес, кен орнындағы фосфоритті руда қоры шамамен 1 млрд. тоннаны құрайды. Оның құрамындағы фосфор мөлшері 20-30% шамасында. Технологиялық бөлігін әзірлеу үшін Sinopec Nanjing Engineering Co., Ltd. компаниясымен EPC-келісімшарт жасалған. Қазіргі таңда мамандар өндірістік алаң мен кен орнын қосымша зерттеп, керндер мен руда үлгілерін алуда. Шикізаттың сапалық және технологиялық сипаттамалары нақтыланып, технологиялық шешімдер верификациялануда.

Техникалық-экономикалық негіздемені алдағы қазан айына дейін аяқтау жоспарланған. Одан кейін жобалау, инженерлік инфрақұрылым салу, теміржол тарту, сумен және электрмен қамтамасыз ету, жабдықтарды сатып алу әрі зауыт құрылысын жүргізу жүзеге асады.

Кездесуде «Саутс-Ойл» холдингінің президенті Серікжан Сейтжанов жобаның іске асу барысын баяндап, 300 жас маманды даярлау үшін шетелге оқуға жіберу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Кәсіпорын алдағы 10 жылда бюджетке шамамен 43,3 млрд. теңге салық төлейді деп күтілуде. Зауытты 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Пікір қалдырыңыз