Бақытын адал еңбектен тапқан

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Нәпақасын жерден тауып, адал еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген азаматтардың бірі – Жамбыл ауылдық округі, Тегістік ауылында тұратын Есімхан Сәрсенбаев. Ол жастайынан еңбекпен ысылып, ауыл шаруашылығы саласында тынымсыз жұмыс істеді. Жоғары білімді инженер-механик Абай атындағы ұжымшарда механик, бас инженердің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.

Жекешелендіру жаппай үрдіс алған кезде пай үлестеріне тиесілі 20 гектар суармалы жерді иеленіп, «Сәрсенбай» шаруа қожалығын құрды. Міне, содан бергі отыз жылдың бедерінде ол мақта, қауын-қарбыз, жүгері өсіріп, егін шаруашылығымен тұрақты түрде айналысып келеді. Асқар тау әкесі Сәрсенбай Сейілов аталған шаруашылықта отыз жыл механизатор, алты жыл мақта бригадирі болып жұмыс істеді. Еңбек десе ерінбейтін, қажырлы азамат озат жұмысшы атанды. Суреті ұжымшардың Құрмет тақтасынан түскен емес. Өкінішке қарай, ол кісі 2001 жылы өмірден өтті.

Биыл 85 жасқа келген анасы Ұлбазар апа – 8 ұл, 4 қызды өмірге әкелген көп балалы ана, «Алтын алқа» иегері. Есімхан осы өсіп-өнген отбасының екінші перзенті.  Ең үлкен ағасы Нұрлыбай да көп жыл шаруашылықта механизатор болып еңбек етті. «Сәрсенбай» шаруа қожалығында трактормен қоза баптады, комбайнмен мақта терді. Амал қанша, осыдан төрт жыл бұрын Нұрекең бақилық болды. Содан бері Сейіловтер әулетінің қамқоршысы да, ақылшысы да өзі болып қалды.

– Біздің әулеттегі ұлдардың бәрінің қолдары еп-септі. Інілерім Шорахан, Қалдыхан, Мұхтархан, Төрехан, Әжіхан, Досымжан бәрі бала кезінен көліктің, техниканың тілін жетік меңгеріп өсті. Әке-шешеміздің бала тәрбиесіндегі басты ұстанымы – адал еңбекпен табыс табу болды. Соның арқасында бәріміз кез келген жұмыстан қашпайтын еңбекқор, тындырымды болып өстік. Бауырларымның бәрі дерлік Жер- Анадан нәпақасын тауып, мақта, бақша өсірумен айналысады. Өткен жылы әр гектардан орта есеппен  30 центнерден өнім алдық. Мақтадан бөлек бақша дақылдарын, көкөніс өсірдік. Өнім жақсы болды. Қоза баптайтын, жер жыртатын 2 тракторымыз, мақта жинайтын «Джон-Дир» комбайнымыз бар. Бәріміз ынтымақпен бірлесіп жұмыс істейміз, – дейді бізбен әңгімесінде Есімхан Сәрсенбаев.

Көп балалы отбасыда өскен Есімханның өзі де бүгінде үлгілі әке. Жұбайы Сырсұлу «Күміс алқа» иегері, екеуі 6 ұл-қызды өсіріп, тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлдары Дулат заңгер, Жақсылығы жеке фирмада істейді. Екеуі де отбасын құрған. Үш қызы Меруерт, Ақерке, Гүлзәкира тұрмыста, үйлі-жайлы. Кенже қызы Дана мектепте оқиды.

Он екі перзентінен 62 немере, 47 шөбере сүйген Ұлбазар апа үлкен әулеттің ақылман анасы. Перзенттеріне «адал еңбек адамды абыройға бөлейді. Тату-тәтті болыңдар, сабырлы, байсалды болып, әрбір істі ақылмен шешіңдер. Ер-азамат отбасын асырауды ойлауы керек. Отағасы түздің шаруасын үйлестірсе, әйел  үйдің шаруасын үйіріп, бала тәрбиесіне баса көңіл бөлуі керек. Ақылды әйел ағайынды жақындастырып, ынтымақ-берекеде ұстайды. Тату отбасыда өскен бала әрдайым көргенін қайталайды» деп ақылын айтудан жалыққан емес.

Еңбекпен есейген Сәрсенбаевтар әулетіне ауыл-аймақ қызыға қарайды. Ауылдан шыққан іскер фермер Есімхан бауырлары мен балаларына бірліктің, адал еңбек етудің мәнін ұғындырып келеді.

 

Мақтаарал ауданы.

Пікір қалдырыңыз