Әулие пейіл жандар жүр арамызда

Абай БАЛАЖАН, «Оңтүстік Қазақстан».

Айнала толы арпалыс. Адамдар тура ең соңғы күндерін өткізіп жатқандай. Әйтеуір бір нәрсені істеп үлгеріп қалғысы келетіндей. Шындық іздеп жүрген біреу. Демократия іздеп жүрген екеу. Елдің бәрі саясаткер. Жұрттың бәрі жазғыш, құқық қорғаушы, қоғам белсендісі. Қалғандары әнші, тамада. Айналасына білімді, білікті, ақылды, турашыл, ұлтшыл, мемлекетшіл, отаншыл болып көрінгісі келіп жүрген біреу. Осындай кезде нән креслолардан дәмесі жоқ, үлкен саясатпен жұмысы жоқ, әшейін шаруа баққан қарапайым адамдармен әңгімелескенді сағынады екенсің.

Жұмыстың реті солай, жылына екі рет (көктемде, күзде) баспасөзге жазылу науқанын ұйымдастыру бойынша облыстың барлық ауданын аралап шығамыз. Газетті өлтіріп алмаудың амалы. Алдыңғы жылғы қарашаның соңғы күндерінің бірі еді. Шәуілдірден шығып, Арысты бетке алғанбыз. Күн қара суық. Ызғар өңменіңнен өтеді. Қыркескенге жетпей, айдалада жалғыз жолаушы әрлі-берлі өткен көліктерге қол көтеріп тұр екен. Ешкім тоқтамаған сыңайлы. Жүргізушіге «мына кісіні ала кетейік» дедім. Жас шамасы алпыстан асыңқырап бара жатқан жолаушы артқы орындыққа – қасыма жайғасты. Ақдаланың бұрылысына дейін 50-60 шақырым жер, әңгімеге тарттым.

Өмір бойы қара жұмыс істепті. Одан жаман болмапты, балаларының бәрі еңбекқор болып өсіпті. Қазір кенжетайының үйінен келе жатқан беті екен. Қолындағы кенже ұл келіншегі екеуі үш-төрт жылдан бері айдаладағы қыстауда бір байдың малын бағып отыр екен. Бұлардың бағына мал иесі Құдай деген адам болып шығыпты. «Сен малшысың» демей, тең адамша сөйлеседі екен. Қолы ашық, жем-шөптен қыспайтын көрінеді. Байдың пейілі кең болған соң бұлар қорасындағы бір-екі тұяқты осында әкеліп қойыпты. Айтысына қарағанда баласы да адал. Сол көктемде байдың тұсағы бар, саулығы бар жүздің үстіндегі қойы қоздауы керек екен. Баласы туған қозысы өліп қалды, қойың іш тастады демепті, төлін тамыз айында түгел байдың алдына салып беріпті. Тек «мынау қойыңыз егіз туды, мына қойыңыз жалқы туды» деп есебін беріпті. Мал иесі малшысының адалдығына шексіз разы болып, ай сайын беріп жүрген жалақысынан, азық-түлігінен бөлек, отыз тоқтыны алдына салып беріпті. «Мынау сенің адалдығың үшін!» депті.

Малшы баланың әкесі ұлына да, мал иесіне де шексіз риза.

– Балам, адалдығыңнан айныма, мынадай Құдай деген адамды еш жерден таппайсың. Мен де ауық-ауық келіп жәрдемдесіп тұрармын дедім, – дейді жолаушы. Осы келе жатысында баласының үйінің пешін жөндеп, қора-қопсысын бүтіндеп, қысқа дайындап беріп келе жатыр екен.

– Бала-шағасы біздің қолымызда, кемпіріміз екеуміз қарап отырмыз. Каникулға шыққанда осында –  әке-шешесіне әкеліп тастаймыз, он шақты күн мауқын басып қайтады, – дейді жолсерік замандас. Оны Ресей мен Украинаның арасындағы соғыс та, жоғары билік эшелонында болып жататын судың астындағы ағыстар да, Пәленшенің ұсталып қалғаны да, Түгеншенің аман-есен құтылып шығып кеткені де, ешнәрсе қызықтырмайды. Алдындағы шаруасын біледі. Ұлға Құдайдың сана бергеніне қуанады. Елдің бәрі қашып жатқан қой бағудан кенжесінің қашпай, оны кәсіп көргеніне көңілі тоғаяды. Оған қайырымды байдың жолығуын Алланың берген сыйы деп түсінеді. Сөз ләмі солай, әйтеуір.

Ал, менің көзім оның күс-күс болған қолына еріксіз түсіп кете берді. Апыр-ай, қара жұмыс істеп, күс-күс болған қолдарды осынша сүйкімді көрінеді деп кім ойлаған?! Межелі жерге жеткен соң жолсерігіміз, әлгі күс-күс қолын күпәйкесінің қалтасына сала бергені сол еді, мен де, жүргізуші де «ешнәрсенің қажеті жоқ, түсе беріңіз» дедік қосарлана. Ол сәл ыңғайсызданып қалды да «оу, бұл қалай болады, сонда?..» деді қызарақтап. Біз «бұл солай болады!» дедік күліп.

Ол рахметін жаудырып, асығыс түсіп бара жатты.

Туасы, мұндай әулие пейіл адамдарға рахметті біз жаудырып жүруіміз керек қой!

 

(Сурет ғаламтордан алынды).

Пікір қалдырыңыз