АШЫҚ ӘРІ ӘДІЛ ӨТТІ

Сайлау барысында халықтың жоғары белсенділігін байқадық.

Бүгін еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі үлкен жаңашылдықтардың бірі ––Құрылтай сайлауы өтті. Бұл додаға халықтың қатысу белсенділігі жоғары болды. Мұны халықтың мемлекетті басқарудағы жауапкершілігін мейлінше түсіне бастағандығының бір көрінісі деп бағамдаған жөн шығар.


Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мұхтар Ерман ұсынған деректерге сүйенсек, Құрылтай сайлауында дауыс берушілер тізіміне енгізілген 9 млн 500 мыңнан астам сайлаушы өз таңдауын жасаған. Бұл тізімдегі азаматтардың 74,19 пайызын құрайды. Аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, сағат кешкі сегіздегі жағдай бойынша халықтың науқанға қатысу көрсеткіші Астана қаласында – 51,67, Абай облысында – 81,41, Ақмола облысында – 82,69, Ақтөбе облысында – 88,30, Алматы облысында – 71,17, Атырау облысында – 70,74, Батыс Қазақстан облысында – 73,38, Жамбыл облысында – 85,18, Жетісу облысында – 91,19, Қарағанды облысында – 76,28, Қостанай облысында – 76,47, Қызылорда облысында – 90,75, Маңғыстау облысында – 71,38, Павлодар облысында – 71,20, Солтүстік Қазақстан облысында – 77,31, Түркістан облысында – 92,16, Ұлытау облысында – 70,72, Шығыс Қазақстан облысында – 87,50, Алматы қаласында – 43,23, Шымкент қаласында – 75,42 пайыз болған. Әзірге сайлаушылардың белсендігі жөнінен Түркістан облысы көш бастап тұр.

Жалпы, бүгінгі Құрылтай сайлауына 25 мыңға жуық қоғамдық бақылаушы бақылау жасады. Олардың барлығы сайлау талаптары мен өз құқықтарын жақсы біледі. Сайлау ашық әрі әділ өтті. Дауыс беру барысында өрескел құқық бұзушылықтар болған жоқ. Жалпы, сайлау процесі штаттық режимде өтті. Сайлау барысында халықтың жоғары белсенділігін байқадық.

Д.ЖҮСІП.  

Пікір қалдырыңыз