Ерекше әсер сыйлады

Түркістан қаласында өткен «Адал ата-ана – қауіпсіз балалық шақ» облыстық форумында көтерілген мәселелер мен айтылған мазмұнды ойлар ерекше әсер қалдырды. 
Бүгінгі таңда бала тәрбиесі мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек мектептің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені анық. Форум барысында бала қауіпсіздігіне қатысты өзекті тақырыптар жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, балалардың физикалық қауіпсіздігі, психологиялық қолдау көрсету, цифрлық ортадағы қауіптердің алдын алу, құқықтық жауапкершілік және жазғы демалыс кезіндегі сақтық шаралары кеңінен талқыланды. Бұл мәселелердің барлығы қазіргі қоғам үшін өте маңызды, өте өзекті.
Әсіресе, «Бала қауіпсіздігі – ең алдымен ата-ананың жүрегінен, отбасыдағы тәрбие мен бақылаудан басталады» деген ой форумның негізгі өзегіне айналды. Шынында да, балаға дұрыс тәрбие беру, оның ішкі жан дүниесіне көңіл бөлу, сенімді қарым-қатынас орнату – әр ата-ананың бұлжымас міндеті. Мектеп пен ата-ананың өзара тығыз байланысы болған жағдайда ғана біз саналы, тәрбиелі әрі қауіпсіз ортада өсетін ұрпақ қалыптастыра аламыз. Өйткені, бала қауіпсіздігі – бір күндік мәселе емес, үздіксіз назар аударуды қажет ететін шаруа.
Осындай маңызды форум ұйымдастырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік жасаған облыстық білім басқармасына, форум спикерлеріне және белсенді ата-аналарға алғыс айтамын. Біздің баршамыздың ортақ мақсатымыз – қауіпсіз, білімді, тәрбиелі әрі бақытты ұрпақ қалыптастыру.

 Шұға НҰРАБАЕВА,
Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы.
Пікір қалдырыңыз