Батальон жаңа күшпен толықты
Қазір әскерге шақыру науқанының нағыз қызған шағы. Дәрігерлік комиссияның оң қорытындысын алып, талап үдесінен шыға білген жастардың бір легі өзге өңірлерге аттанып жатса, енді бір легі борышын осында өтеуге келіп жатыр.
Жақында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 35748 мотоатқыштар батальоны Алматы, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан әскерге шақырылған 120 жас сарбазбен толықты. Олардың қатарына Жамбыл облысынан шақырылған тағы да 55 сарбаз қосылмақ.
Мұнда олар бастапқы әскери дайындық бойынша білімдері мен дағдыларын жетілдіріп, жалпы әскери пәндердің негізгі бағыттарын меңгереді. Сонымен қатар саптық, физикалық әскери-медициналық дайындық, жалпы әскери жарғылар және әскери қызмет қауіпсіздігінің негіздері бойынша дәрістер өткізіледі.
Жан-жақтан келген болашақ сарбаздарды подполковник Қуаныш Айдынғалиевтің өзі қарсы алды.
– Алдағы 12 айда бұл әскери бөлім сіздердің үйлеріңізге айналады. Мұнда сіздер атқыш, пулеметші, гранатометші сияқты әскери мамандықтарды меңгересіздер. Әрқайсыңыз Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқарасыздар деп сенемін. Сіздерге дейін қызмет еткен сарбаздар жоғары нәтижелер көрсетіп, марапаттарға ие болды. Сіздер олардан да жоғары нәтижеге жетуге тырысасыздар деп үміттенемін, – деді подполковник.
Маңғыстау облысынан шақырылған сарбаз Әлібек Ұзақбаев әскердегі алғашқы күндері туралы «алғашында аздап қобалжу болды. Бірақ, командирлердің қолдауы мен олардың дұрыс бағдар беруінің арқасында әскери өмірге тез бой үйрете бастадық. Мұнда барлығы жақсы ойластырылған екен. Меніңше, әрбір жас жігіт мерзімді әскери қызметтен өтуі тиіс» деген ойымен бөлісті.
Мемлекеттік күзет қызметіне аттанды
Облыстағы мотоатқыштар батальоны өзге өңірлерден келген жас сарбаздармен толығып жатқан тұста облыстың аудан, қалаларынан әскерге шақырылған 35 жас Астана және Алматы қалаларына аттанды. Олар әскери борыштарын сондағы Мемлекеттік күзет қызметінде өтейді. Онда олар ҚР Президентінің және басқа да күзетілетін азаматтардың қауіпсіздігін қорғау, рәсімдік және протоколдық іс-шараларға қатысу, ҚР Мемлекеттік Туы мен ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы эталондарын күзету секілді айрықша міндеттерді атқарады. Сонымен қатар тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен жауынгерлік және арнайы даярлық сабақтарында әскери мамандықтарды меңгереді. Сарбаздардың әрі қарай кадрлық тұрғыдан өсуіне де мүмкіндігі бар. Мерзімді қызметі аяқталған соң олар өз қалауы бойынша әскери қызметін келісімшарт арқылы жалғастыра алады.
Сарбаздарды шығарып салу рәсімінде «Қарулы күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бабай Алдабергенов Отан алдындағы борышты орындау – әрбір ер-азамат үшін үлкен мәртебе екенін атап өтіп, жас сарбаздарға сәттілік тіледі.
Ақерке Келес,
М.Әуезов атындағы ОҚУ студенті.