Қуатты әскер – елдің қорғаны
7 мамырда Қазақстан жұртшылығы Отан қорғаушылар күнін атап өтеді. Бұл айтулы мерекенің, әсіресе, Отан қорғау сапында жүрген жауынгерлер мен әскери құрылымдарда еңбек етіп келе жатқан азаматтар үшін орны бөлек екені даусыз. Қаншама жастарымыз айбынды жауынгерлерге қарап бой түзейді. Әскери әлеуетіміз де жылдан-жылға нығайып, қорғаныс қабілетіміз өзгелермен иық тіресе алатындай деңгейге жеттік десек, артық айтқандығымыз емес. Әрине, қазіргідей әлем алмағайып күйге түскен сәтте бізге де қорғанысымыздың нығайғаны, әскеріміздің күшейгені қажет.
Көзіқарақты жандардың жадында шығар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты Жолдауында әскери доктринаны қайта қарау туралы тапсырма берген болатын. Президенттің бұл тапсырмасы Қарулы Күштерді, оның ішінде әскерлер мен әскери құрылымдарды заман талабына бейімдеп, қауіп-қатерлерге жедел ден қою талабынан туындағаны белгілі. Себебі, қазір әлемде қауіпсіздікке қатысты әртүрлі геосаяси жағдайлардың орын алып отырғанын ескерсек, сарбаздарымыздың кез келген жағдайға дайын болғаны жөн. Оның үстіне, қазіргі талаптар, жаңа қатерлер мен тәуекелдер Қарулы Күштерді жаңа жағдайға тезірек бейімделуді қажет етеді.
Осы ретте біздің әскери қуатымыз қандай, техникамыз сапалы ма, әскеріміз қаншалықты заманауи техникалармен қамтылған деген сауалдардың тууы заңдылық. Жақында әлем елдерінің қорғаныс қабілетін сараптап отыратын «Global Firepower» ұйымы мемлекеттердің әскери қуатына қатысты рейтингісін жариялады. Мұнда Қазақстан әскери әлеуеті бойынша 145 елдің ішінде 58-орынға жайғасыпты. Мұның алдында 63-орында болған екенбіз. Рейтингті анықтауда 60 түрлі фактор назарға алынады екен. Атап айтқанда, елдің әскери бюджеті, әскердің саны, қару-жарақ, заманауи әскери технологиямен жарақтандырылуы сияқты критерийлер ескерілетін көрінеді. Байқағанымыздай, Қазақстан әскерінің рейтингісі жылдан-жылға жоғарылап келеді. Мәселен, қазір елдегі әскери азаматтардың саны шамамен 77 мыңды құраса, қорғаныс саласына жылына 2,6 млрд. АҚШ долларын жұмсайды екенбіз.
Мына деректі де ортаға сала кеткен жөн шығар. Қазір Қорғаныс министрлігінің құрамында 3 құрылымдық әскер бар. Олар – құрлық әскерлері, әуе қорғанысы және әскери-теңіз күштері. Әр құрылымның өз тарихы бар. Мәселен, әуе қорғанысы күштері 1998 жылдың
1 маусымында құрылса, әскери-теңіз күштері 2003 жылдан, ал, құрлық әскері 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, ел аумағында 20-ға тарта аумақтық қорғаныс бөлімшелері бар. Бұл бөлімшелер облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында орналасқан. Бұлардың міндеттері – ортақ, барлығы да елдің тәуелсіздігін, территориялық тұтастығын қорғауға жұмылдырылған.
Мемлекет басшысы Отан қорғаушылар күніне орай өткен салтанатты жиында «Қуатты әскеріміз бейбітшілік пен берекелі өмірді қас қақпай күзетіп тұр. Олар қай кезде де қастерлі Отанымызды қорғауға дайын. Біздің әскери қызметшілеріміз БҰҰ аясындағы түрлі бітімгерлік операцияларға қатысып, өздерінің кәсібилігі мен жоғары деңгейдегі жауынгерлік машығын көрсетіп келеді. Соңғы жылдары әлем елдерінің әскери қуаты туралы рейтингідегі орнымыз едәуір жақсарды. Бұл әскеріміздің дайындығы жоғары екенін әрі үйлесімді әрекет ететінін білдіреді. Қазақстан жер-жаһанға өзін бейбіт ел екенін танытты. Біз барлық мемлекетпен достық қарым-қатынас орнаттық. Кез келген шиеленісті сындарлы диалог арқылы шешу керек деп есептейміз. Бірақ, арқаны кеңге салып, қамсыз отыруға болмайды. Қуатты әскеріміз түрлі қатерге сақадай сай тұруы қажет» деген еді. Шынында, Президент айтқандай, жауынгерлеріміз қазір ел ішіндегі және халықаралық деңгейде өтетін оқу-жаттығу сайыстарында жеңіс тұғырынан жиі көрініп жүр. ТМД елдерінің арасында өтетін әскери ойындарда бірнеше рет көш басынан көрінді.
Қазір әскери мамандардың барлығы өз елімізде дайындалады. Яғни кадр мәселесінде тапшылық жоқ деген сөз. Елімізде Қарулы Күштер қатарына мамандар даярлайтын 3 институт пен бірнеше колледж бар. Аталған оқу орындарын бітірген түлектер бірден әскери бөлімшелерге жұмысқа орналасады. Сонымен қатар шетелдің бірнеше әскери оқу орнымен жасалған келісімшарт бар. Мұнда әскери қызметшілер тәжірибе алмасып, әскердің заманауи мүмкіндіктерін үйреніп қайтады. Бұдан төрт жыл бұрын Қарулы Күштерді қаруландыру үшін әскери өнеркәсіпті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданғаны мәлім. Қазір әлем елдері соғысқа араласатын ұшқышсыз аппараттарды сынақтан өткізіп жатыр. Біздің де қорғаныс жүйеміз осыған бет бұра бастады. Тұжырымдама аясында Таразда ұшқышсыз басқарылатын дрон аппараттарын шығаратын зауыт салынатынын газетімізде сүйіншілеп те жазғанбыз. Мұндай заманауи құрылғылар ел әскерінің қуатын арттыра түседі.
Дегенмен, әскер туралы сөз бола қалса ондағы келеңсіздіктер де кесе-көлденеңдеп шыға келеді. Әсіресе, бүгінгідей алмағайып кезеңде әскерге қатысты күрмеулі мәселелер күн тәртібінен түспеуі тиіс. Себебі, ата-бабаларымыздың «Жау жоқ деме, жар астында» дегеніндей, айналамыз қазір мазасыз күйде. Айтқан жерден аулақ, басымызға әлдеқандай күн туа қалса, тәуелсіздігімізді тек өз азаматтарымыз ғана қорғай алады. Ал, ол үшін жастар әскерге барудан жалтармауы тиіс.
Ілгеріде әскерге барып келу жастар арасында әжептәуір мақтаныш болатын. Ағаларымыз «пәлен деген жерде әскерде болдым» деп желпініп отыратын. Бүгінгі жастарға да әскер қатарында болу сондай мақтаныш сезімін тудыруы тиіс. Себебі, қолыңа қару ұстап, Отаныңды қорғауды үйреніп қайттың. Бұл ер-азамат үшін абырой емес пе?! Десек те, жастардың бойына осындай патриоттық рух қалыптастыру үшін идеология саласында әлі де қыруар жұмыс атқарылуы тиіс екені айтпаса да түсінікті.
Ақерке Келес,
М.Әуезов атындағы ОҚУ студенті.