Олар ғұмыр бойы ардақталуы тиіс!
1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыстың ауыртпашылығын тылдағылар майдандағылардан кем көрген жоқ. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұран әр еңбеккердің күнделікті өміріне айналды. Ол ұран ғана болып қойған жоқ, тылдағы адамдардың өмір сүру салтына, Жеңіске деген сеніміне, жауға деген өшпенділігіне өзек болды. Соғыста атылған әрбір оқ, жауынгерлердің киім-кешегі мен тамағы – осы тыл еңбеккерлерінің маңдай терімен келді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Шымкент облысы майданды қажетті киім-кешекпен, оқ-дәрімен жабдықтауда маңызды рөл атқарды. Қаланың өнеркәсіп орындары тәулік бойғы жұмысқа көшті. Мұндағы қорғасын зауыты соғыс кезінде оқ-дәрі мен қару-жарақ өндірісіне қажетті қорғасынның негізгі жеткізушісі болды. Ол кезде елдегі өндірілген қорғасынның басым бөлігі (10 оқтың 9-ы) осы зауыттың үлесіне тиді. 1941 жылдың маусымынан бастап қала тұрғындары, соның ішінде әйелдер мен жасөспірімдер зауытта тәулік бойы еңбек етті. Тұрғындар майданға қаржы жинап, танк колонналарын жасақтауға мол үлес қосты.
Бұл күнде Түркістан облысында 2 082 тыл ардагері тұрады. Қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдерінен 86 адам, ал, Ұлы Отан соғысына қатысқан бар-жоғы 3-ақ ардагер қалды.
Аудан, қала әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, жергілікті мәслихат шешімдері негізінде 9 мамыр – Жеңіс күніне орай биыл Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 5 млн. теңге (Жетісай ауданы 5 млн. теңге, Сарыағаш ауданы 5 млн. теңге, Сайрам ауданы 1 млн. 650 мың теңге), Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген жандарға 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 129 600 теңге, ал, тыл ардагерлеріне 15 АЕК – 64 800 теңге, қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдеріне 20 АЕК, яғни 86 400 теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек қарастырылған.
Бұған қоса, тыл ардагерлеріне денсаулықтарын түзету үшін санаторлық-курорттық мекемелерге тегін жолдама беріледі. Сонымен қатар, облыс орталығында және өңірдің аудан, қалаларында әкімдер мен ел ағалары Жеңіс күніне орай ардагерлердің үйлеріне барып, салтанатты түрде құттықтайды.
Тыл еңбеккерлері – тірі тарих. Олардың қолдарындағы тыртықтар мен бозғылт тартқан құжаттар – ел басына күн туған жылдардағы жанқиярлықтың куәсі, белгісі. Сұрапыл заман олардың жандарына да, тәндеріне де жара салды.
Біздің айтпағымыз, ардагерлерге көрсетілетін құрмет тек мерекелік сыйақылармен шектелмей, күнделікті өмірдегі шынайы қамқорлықпен астасып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Талшын Жыңғылбай,
М.Әуезов атындағы ОҚУ студенті.