Бірлік – ортақ мақсатқа жетелейтін қуатты күш

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні – ел аумағында өмір сүріп жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің татулығы мен достығын, өзара құрметі мен сенімін айшықтайтын айрықша мереке. 1996 жылдан бері атап өтіліп келе жатқан бұл күн – бейбіт өмір мен берекелі тіршіліктің, сан алуан мәдениеттің үйлесімді үндесуінің жарқын көрінісі.

Бұл мереке – «Береке бастауы – бірлік» деген дана қағиданы ту етіп, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтатын, ортақ Отанға деген сүйіспеншілікті арттыратын тағылымы терең күн. Бірлік пен ынтымақ – халқымыздың басты құндылығы, елдігіміздің еңсесін биіктететін рухани күш.

Бүгінде Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықтың өзіндік моделі әлем қауымдастығы тарапынан жоғары бағаланып отыр. Әр этностың тілі мен мәдениетіне құрметпен қарап, олардың дамуына жағдай жасау – мемлекет саясатының маңызды бағытына айналған. Бұл – еліміздің бейбітшілік пен татулықты ту еткен берік ұстанымының айқын дәлелі.

Көпұлтты халқымыздың бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруі – тәуелсіз еліміздің басты жетістіктерінің бірі. Әралуан мәдениеттердің өзара сабақтастығы мен рухани байлығы қоғамымыздың бірегей келбетін қалыптастырып, ел дамуына серпін беріп келеді.

Бірлік – жай ғана ұғым емес, ол – ортақ мақсатқа жетелейтін қуатты күш, жарқын болашаққа деген сенімнің нышаны. Халқымыздың ынтымағы артып, татулығы бекемделе берсін! Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тұрақтылық салтанат құрып, тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз мәңгі болғай!

Ізгі ниетпен,

Түркістан облыстық мәслихат депутаты
Мағауия Тұрысбеков!
Пікір қалдырыңыз