Университет жаңа буын көшбасшыларын даярлайды

TASHENEV университетінің баспасөз хатшысы Тимур Казьмин Нью-Йорк қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы штаб-пәтерінде өткен халықаралық форумға Қазақстан атынан қатысты.

БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің Жастар форумы аясында Тимур Казьмин Қазақстан Республикасының ресми делегациясы құрамына еніп, жаһандық күн тәртібіндегі негізгі бағыттар бойынша жұмысқа қатысты.
Форумның басты тақырыбы — 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу. ТДМ — кедейлікті жою, сапалы білімге қолжетімділікті арттыру, тұрақты қалаларды дамыту, таза энергия көздерін кеңейту, климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл және халықаралық әріптестікті нығайту сияқты 17 жаһандық мақсатты қамтиды. Бұл үдерісте жастардың рөлі ерекше маңызды.
Іс-шара барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, жаңа бастамаларды ұсынып, жастардың тұрақты даму мақсаттарына қосатын үлесі, инновациялар мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, ресми іс-шаралардан бөлек, қазақстандық делегация мүшелері Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаровпен және БҰҰ Бас хатшысының жастар саясаты жөніндегі көмекшісі Фелипе Паульемен кездесіп, жастар саясаты, халықаралық ынтымақтастық және Қазақстан жастарының жаһандық бастамаларға қатысу мүмкіндіктерін талқылады.
Tashenev University өкілінің осындай маңызды халықаралық алаңға қатысуы университеттің жастарды қолдау, олардың көшбасшылық әлеуетін дамыту және жаһандық деңгейде белсенділігін арттыру бағытындағы жүйелі жұмысын көрсетеді.
Білім ордасы алдағы уақытта да дарынды әрі бастамашыл жастарды қолдауды жалғастырып, олардың халық­аралық жобаларға қатысуына, ел мүддесін ілгерілетуге және жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға жағдай жасай береді.


Сабрина МҰХТАРХАНОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ студенті.
Пікір қалдырыңыз