Жауапкершілік пен тәжірибе мектебі
М.Әуезов атындағы
Оңтүстік Қазақстан университетінің студенті ретінде мен үшін білім ордасында
алған теориялық білімді нақты өндіріспен ұштастыру – кәсіби қалыптасу жолындағы
маңызды белес болды. Осы мақсатта ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар
агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаментінде
өндірістік тәжірибеден өттім. Алғашқы күндерден-ақ мекеменің ішкі тәртібімен,
материалдық-техникалық базасымен және статистикалық деректермен жұмыс істеудің
аса жоғары жауапкершілігімен таныса бастадым. Бөлім басшысы Алтынай Әмірованың жетекшілігімен мемлекеттік статистиканың аймақ
дамуындағы, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді айқындаудағы стратегиялық
рөлін терең түсіндім. Университет тарапынан бекітілген жетекшім Телжан
Мырзабековпен жүйелі байланыс орнатып, тәжірибе барысында жинақталған
мәліметтер негізінде «Түркістан облысы халқының өмір сүру деңгейін
статистикалық талдау» тақырыбында көлемді ғылыми жұмыс дайындадым.
Тәжірибенің бастапқы
кезеңі іс қағаздарын жүргізу мен мұрағат ісінің қыр-сырын меңгеруге арналды.
Құжаттарды сұрыптау, мұқият тігу және оларды белгіленген талаптарға сай рәсімдеу
процесінде мекеме қызметкері Сымбат Сылханованың берген кәсіби кеңестері менің
ұқыптылық пен дәлдік дағдыларымды арттырды. Сондай-ақ, заманауи ақпараттық
технологиялармен жұмыс істеу барысында топтасым Анвармен бірге статистикалық
зерттеулерге арналған планшеттерді бағдарламалық қамтамасыз ету ісіне де
атсалыстым. Бұл тапсырманы қысқа мерзімде сапалы орындап шығуымыз командалық
жұмыстың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Жұмысымның негізгі бөлігі ауыл
шаруашылығы бөлімінде жалғасып, мұнда мен бастапқы статистикалық деректерді
жинау, тексеру және электрондық жүйеге енгізу процестеріне тікелей қатыстым.
Әсіресе, ауылдық округтерден келіп түскен мал басы туралы мәліметтерді талдау
кезінде әрбір цифрдың соңғы нәтижеге тигізер әсері зор екенін ұғындым.
Мекеменің кадр,
бухгалтерия және регистр сияқты әртүрлі бөлімдерінде тәжірибе жинақтаған
топтастарыммен (Севара, Белла, Фариза, Искандер) пікір алмасу арқылы
департамент жұмысына кешенді түрде көз жеткіздім. Қорыта айтқанда, Ұлттық
статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаментіндегі бұл кезең мен
үшін тек жалаң тәжірибе емес, болашақ мамандығыма деген сенімділігімді
нығайтқан нағыз жауапкершілік мектебі болды. Ресми құжаттармен жұмыс істеу,
деректерді жүйелеу және кәсіби ортада тіл табысу бойынша алған дағдыларым менің
алдағы кәсіби өсуіме берік негіз болары сөзсіз.
Наргиза ДАВЛЕТОВА,
М.Әуезов атындағы
ОҚУ-дың студенті.