ЕСКЕРІЛГЕН ДҮНИЕ КӨП

Әділеттілік, заң мен тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітіліп отыр.

Жұртшылықтың талқысынан өткен жаңа Конституция жобасы ел назарына ұсынылды. Бас құжатты халық пен биліктің бірге дайындағанын, онда ел азаматтарының үні ескерілгенін ерекше атап өтуге болады. Мәселен, жұмыс тобы тұрғындардан түскен екі мыңнан астам ұсынысты жан-жақты қарап, жүйелеп шықты. Мұны мемлекеттегі әр адамның құқығы тең екенін, елдің пікірі ешқашан назардан тыс қалмайтынын ұғындыратын тетік ретінде бағалаған орынды.

Ата Заңда адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындалғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің негізі ретінде белгіленіп, егемендік пен тәуелсіздік, сондай-ақ, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылды. Әділеттілік, заң мен тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітіліп отыр.

Бұдан бөлек, басты құжатта адвокаттық қызмет, зияткерлік меншік құқығын қорғау, ер мен әйелдің тең құқықты одақ екендігі де көрініс тапқан. Яғни отбасы құндылығына айрықша назар аударылған. Сонымен қатар құжатта құқық пен жауапкершілік ұғымына теңдей әлеует беріліп, азаматтардың құқықтарына кепілдіктің күшейтілетіні көрсетілген. Өйткені, «мемлекеттің ең басты байлығы – адам» деген қағида жаңа Конституцияның негізгі өзегі.

Жарқынбек ҚҰЛБАЙЫМБЕТОВ,

Түркістан қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы.

Пікір қалдырыңыз